Түркістан облысында қалыңдығымен кездесуге барған жігітті қатігездікпен өлтірген 4 адам сотталды
Фото: Orda.kz
Түркістан облысында қалыңдығымен кездесуге барған жігітті қатігездікпен өлтірген 4 адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Курсив” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен жылдың қараша айында Түркістан облысы Мақтаарал ауданында төрт жігіт 30 жастағы Азиз Құралбаевты қатыгездікпен өлтірді. Жігітті өлімші етіп сабап, үстіне темекі басып, кейін аузына алкоголь құйған. Көрші ауылдағы қалыңдығымен кездесуге барған Азизді "ұрып-соғып өлтірді" деген күдікке ілінген 4 адамға үкім шықты.
Жетісай аудандық соты олардың бірін Қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабымен, үшеуін "Бұзақылық" бабымен кінәлі деп танып, бірін 8 жылға, үшеуін 3 жылға бас бостандығынан айырды.
"Ақназар Жеңісұлы Мықтыбек Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотталған Мықтыбекке тағайындалған жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу белгіленсін", – деді судья Мұхтар Жолдасбеков.
Алматыда жігіт екінші кездесуде қызды пышақтап, мәйітін жартастан лақтырып жіберген
Сот мәліметінше, Ақназар Жеңісұлы Мықтыбек Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, жазасы қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару мекемесінде өтелетін 8 жылға тағайындалды. Судья Мұхтар Жолдасбеков Сүндет Мырзатайға "Бұзақылық" бабымен жаза тағайындағанын, себебі алғашқы айып дәлелденбегенін жеткізді. Сол сияқты Рүстембек Көшкенбаев пен Бақберген Исмаилға рақымшылық заңын қолдана отырып, 3 жылдық жаза тағайындалды. Барлық сотталушылардың қамаудағы бір күндері жазадан бір жарым күнге есептеледі.
Сот дерегінше, сотталушылар Құралбаевты ұстап, ауыл шетінде ұрған. Бастапқыда ол қашып шыққанымен, Мықтыбек оны қайта ұстаған және жерге құлап түскен кезде басынан бірнеше рет тепкен. Соның салдарынан Құралбаев жабық-бас ми жарақатын алып, аурухананың жан сақтау бөлімінде қайтыс болған.
Сотталушылар соңғы сөзінде кінәсін мойындағанымен, олардың үкіммен келісетіні немесе келіспейтіні белгісіз. Ал марқұмның туыстары сот үкімін қабылдамай, жазаның аз екеніне наразы.
"Біз сот үкімін тыңдап, шокта отырмыз. Не болғанын түсінбедік. Қолымызда дәлел көп, бірақ жазаның аз болатынын күтпедік", – дейді марқұмның ағасы Альмир Құралбаев.
Айта кетейік, оқиға 2024 жылдың 11 қарашасында болған. Қалыңдығына барған жігітті ертеңіне туыстары аудандық аурухананың жан-сақтау бөлімінен тапқан. Ауыр соққыдан есін жоғалтқан жігіт 3 ай жан сақтау бөлімінде жатып, қайтыс болған еді. Марқұмның жақындары оны тек ұрып-соғып қана қоймай, азаптағанын жеткізген. Азиз Құралбаевтың өліміне 6 жігітің қатысы барын айтқан. Алайды сот алдында 4 адам жауап берді.

Алматыда қала күнін тойлауға миллиондаған қаражат жұмсалған: Тұрғындар қаладағы шешілмеген мәселелерге шағымданды
