Түркістан облысында 1800 бала оқитын білім ошағы 50 жылда мүлде жөнделмеген
Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы кәсіби білім беретін оқу орны адам аярлық жағдайда тұр. Жұмысшы мамандықтарын даярлайтын өндірістік комбинат жарты ғасырдан бері мүлдем жөндеу көрмеген. Тозығы жеткен білім ошағында қазір екі мыңға жуық оқушы кәсіби білім алып жүр. Бірақ жылуы жоқ кабинеттерде балалар бүрсең қағып отырады дейді педагогтар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Оқу орнының көптеген кабинеті бүгінде қаңырап, азынап тұр. Ғимараттың өзі қирауға жақын. Құдды бір соғыстан қалғандай дерсіз. Соған қарамастан, мұнда келетін 8 және 11 сынып оқушылары әупірімдеп білім алып жүр.
“Сыныбымыз өте суық. Сыныпта біз көп отыра алмаймыз. Ол жақта үстіңе күртеше киіп қана отыруыңа болады. Ғимаратта әжетхана, ыстық су ештеңе жоқ. Сол жағынан да қиналамыз”, – деді оқушы Мұқанбай Сейдуалы.
“Тоңады, отыра алмайды жақсы. Сосын келгісі келмейді. Амал жоқ, жібереміз қинап. Олар үйге барып “Бала қайда?” деп тексереді. Дұрыс, бұлардың жұмысы енді. Сондықтан көмектессін, жылуын жөндеп берсін”, – деді ата-аналардың бірі.
Нысанның электр желілері техникалық тұрғыдан қауіпті. Тіпті салбыраған сымдар жиі тұйықталып, өртке ұласады екен.
Қазір бұл ғимаратта 1800 бала кәсіби білім алады. Тігінші, жүргізуші, автоэлектрик, тракторшы, тіпті медбикені де алғашқы даярлықтан өткізеді. Жарты ғасыр бұрын пайдалануға берілген нысанның едені шұрық-тесік, ұстаздар оның үстіне тақтай қойып амалдауда. Жиһаз жаңартылмаған, материалдық - техникалық база тым ескі. Өткен ғасырдың оқу құралдарын кәдеге жаратып жатырмыз дейді педагогтар.
“11-сыныптың оқушылары дәл осы кішкентай ғана орындықтарда отырады. Жиһаз деген мүлдем бізге келмейді. Біз мектептерден сұрап аламыз оны. 47 жылдан бері ремонт мына тек қана мұғалімдердің күшімен жасалынады. Жылда айтамыз, жылда сұраныс тастаймыз”, – деді оқу-өндірістік комбинатының директоры Гулбу Қуатбекова.
Өндірістік комбинаттың өзекті мәселесінен аудандық білім бөлімінің басшылығы хабары бар болғанымен, онда бас сұғып көрмегенін ашық айтты.
“Біз білім басқармасына ұсынғанбыз осы мәселеге қаржы қарау бойынша. Егер білім басқармасынан қолдау тапса, биыл күрделі жөндеуге енеді. Сол кезде мәселенің бәрі шешіледі”, – дейді Мақтаарал аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Асанхан Қошқаров.
Тозығы жеткен нысанның әбден қиындығын тартқан ұжым өкілдері тым болмағанда биыл жарияланған жұмысшы мамандарын қолдау жылында комбинатқа көңіл бөлінер деген үмітте. Өйткені 6 мамандық бойынша жылына 400 түлек осында оқуын тәмамдаса, соның 30 пайызы маңайдағы ауылдарда еңбек етуге кіріседі дейді педагогтар.