Туристік агенттік еліміздің түкпір-түкпірінен келген қажыларды Меккеге бару мүмкіндігінен айырды
Фото: Видеодан скрин
Қазақстанның 39 азаматы Меккеге бару мүмкіндігінен айырылды. Олар қасиетті орынға сапарлау үшін әрқайсысы 2 миллион теңгеге дейін ақша төлеген. Бірақ қажылыққа бара алмаған. Олардың айтуынша, ұшатын күн бірнеше рет кейінге шегерілген. Ақыры турфирма басшылығы мүлде байланысқа шықпай қойған. Соңында алданған адамдар полицияға жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ильхам Гаппаров есімді тұрғынның айтуынша, турагенттік бастапқыда түрлі сылтау айтқан.
“Турагенттер бастапқыда "шотымыз бұғатталды", "Меккеде қандай да бір мәселе шықты", "қазір ондай топтарды кіргізбей жатыр" деген сияқты сылтаулар айтты. Бірақ бұл – жалған. Себебі басқа турагенттіктер арқылы басқа адамдар Умраға барып жатты”, – дейді Гаппаров.
Фото: Видеодан скрин
Алданғандардың қатарында Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды және Өскемен қалаларының тұрғындары бар. Олар әлеуметтік желілерде жарияланған жарнамаларға сенген. Ұйымдастырушылар қасиетті орынға бұрын-соңды болмаған төмен бағамен сапар ұсынған. Жарнамалық роликтерде танымал айтыскер де бірнеше рет көрініп, жолдамаларды сатып алуға үндеген.
Қажылар жарты жыл бойы сапарды күткен. Бірақ турфирма менеджерлері хабарласуды тоқтатып, компанияның кеңсесі де жабылып қалған. Осыдан кейін қазақстандықтар полицияға шағымданды. Қазір бұл оқиға бойынша "Алаяқтық" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
“Аталған факт бойынша Әуезов ауданының полиция басқармасына қарасты бөлімде Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық іс аясында 23 адам ресми түрде жәбірленуші деп танылып, полицияға арыз түсірген”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қажылыққа бармақ болған Астана тұрғыны 1,5 миллион теңгесінен айырылып қалғаны туралы жазған едік.