Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түрікменстанда тұрмысқа шықпаған әйелдерге сары орамал тағу міндеттелді: Әйтпесе жұмыстан қуылады

Ашхабадтағы тұрмысқа шықпаған түрікмен әйелдеріне жұмыста сары орамал тағу керегі айтылды. Басшылық әйелдерге бұл бұйрық "жоғарыдан" түскенін хабарлаған, деп жазады Радио Азатлык. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: nemchinov.livejournal.com

Наурыз айының басында осы талаппен қатар, тұрмыстағы әйелдердің жұмысқа сары көйлекпен келуі міндеттелді. Егер біреу бұл жаңа киім түсіне қатысты ережені сақтамаса, жұмыстан босатамыз деп қорқытқан.

Басылымның жазуынша, елде заңдық негізі жоқ, бірақ елемеген жағдайда ауыр салдарға әкелуі мүмкін талаптардың саны артып келеді. Мысалы, көліктер, әсіресе Ашхабадта, ақ немесе ашық түсті болуы керек, ғимараттардың қасбеттерінен кондиционердің сыртқы блоктары алынып тасталды, ал әйелдер дәстүрлі көйлек киюге міндеттелді. Жас жігіттерге де қырынған болу талабы қойылды, бұл іс жүзінде сақалға тыйым салу дегенді білдіреді.

"Бұл "ережелер" ешқандай заңдық құжаттарға негізделмеген. Олар көбіне президенттің немесе оның отбасы мүшелерінің қандай да бір ескертуі, пікірі немесе "ұсынысына" сүйенеді", – дейді Прагадағы Карлов университетінің Орталық Азия жөніндегі сарапшысы Славомир Горак.

Орамал туралы ереже әйелдердің сыртқы келбетіне қатысты бұрынғы нұсқаулардың жалғасы. Бұған дейін мемлекеттік қызметтегі әйелдерге косметика қолдануға, денеге жабысып тұратын көйлек киюге немесе шаштарын ашық түстерге бояуға тыйым салынған.

Түрікменстан әйелдер одағы соңғы киімге қойылған талапқа қатысты журналистердің сұрағына жауап бермеді.

Горактың айтуынша, Түрікменстандағы эстетикалық нормалар белгілі бір деңгейде кеңестік дәуірдің мұрасы және 2006 жылы қайтыс болған елдің алғашқы президенті Сапармұрат Ниязовтың қыңырлығы.

"Алайда, бұл талаптар Бердімұхамедовтер әулетінің билігі кезінде ең жоғары деңгейге жетті", – деп толықтырды сарапшы.

Адамдар неге түрікмен әйелдеріне дәл сары түсті киім таңдалғанын түсінбей дал болуда. Кейбіреулер мұны бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің әйелі мен әпкелерінің талғамына байланысты деп болжайды.

Талқылау