Турбуленттік деген не және ұшақтар неге апатқа ұшырайды
Singapore Airlines ұшағы Лондоннан Сингапурға ұшып бара жатқанда Мьянма үстінде қатты турбуленттікке тап болып, салдарынан бір адам қаза тауып, 50-ден астамы жарақат алған. Boeing 777 ұшағы қатты дірілдеп, адамдар мен жүктер салонға шашылып қалды. Ұшақ Бангкокқа қонуға мәжбүр болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Ұшақ турбуленттікке тап болған кезде тек дірілдеп қана қоймайды, сонымен қатар санаулы секундта жүздеген метр биіктікке көтеріліп немесе төменге түсуі мүмкін.
Көбіне турбуленттік жоғары және төмен ауа ағындары бар бұлттарда болады. Сондай-ақ толқындық турбуленттік болады. Ол ауа ағындары тау сілемдерімен шағылысып, теңіз толқындарына ұқсас ауа толқындарынан пайда болуы мүмкін.
Сондай-ақ үлкен лайнер ұшып жүрген із де турбулентті аймақ боп саналады. Егер басқа ұшақ ұшқан іздің артынан тағы бір ұшақ ілессе, апатқа ұшырауы әбден мүмкін. Сондықтан ұшақтар арасында белгілі бір арақашықтық сақталуы керек.
Сондай-ақ бұлттарда емес, ашық аспанда пайда болатын "ашық аспан турбуленттігі" деген бар және оны анықтау өте қиын.
Турбуленттіктің бұл түрі әдетте 12-15 км биіктікте болады. Бұл ағын мен қоршаған ауа жылдамдығының айырмашылығы сағатына 150 км-ге жетуі мүмкін. Осы екеуінің арасындағы үйкеліс турбуленттікті тудырады.
Турбуленттік қауіпті ме?
Заманауи әуелайнерлер турбуленттікті ескеріп жасайды, сондықтан ол жолаушылар үшін аса қауіпті емес. Бастысы – қауіпсіздік белбеуін тағу қажет. Дегенмен төтенше жағдайларда қысым айырмашылығы өте үлкен болса, ол әуе корпусына қауіп төндіруі мүмкін.
2009 және 2022 жылдар арасында АҚШ-та турбуленттіктің кесірінен 163 жолаушы ауыр жарақат алған. Демек жылына шамамен 12 рет осындай жағдай болады.
Әр рейстің алдында ұшқыштар турбулетті аймақ көрсетілген арнайы есептерді алады. Соның көмегімен найзағай, т.б. жағдайлардың алдын алады. Сондай-ақ ұшқыштар бір-біріне ескерту жасап, жүріп өткен жолдары туралы айтады.
Турбуленттікті нақты болжау мүмкін емес, кейде кенеттен пайда болады. Сол үшін ұшқыштар жолаушыларға рейс бойы белбеуді шешпесін дейді.
Коммерциялық әуекомпаниялар турбулентті жағдайда ұшақтарды басқаруды жүйелі түрде оқытады.
Кейбір зерттеушілер климаттың өзгеруінен турбуленттік артты дейді.
Өткен жылы Ұлыбританияның Ридинг университетінің ғалымдары 1979-2020 жылдар аралығында Солтүстік Атлантикалық бағыттағы турбуленттік мөлшер 55% артқанын анықтады. Олар мұны көмірқышқыл газының бөлінуінен туындаған жылы ауаға байланысты жел жылдамдығы өзгергеннен дейді.
Сондай-ақ жиі ұшу да турбуленттік деңгейді арттырады. Ұшу бағыттары көбейген сайын турбуленттік артқандықтан, сақ болу керек деп ескертеді.
Еске салсақ, Лондоннан Сингапурға ұшқан ұшақ турбулентті аймаққа тап болып, бір жолаушы көз жұмған еді.