"Туындыларымды ұрлады": Диджитал-суретші Семейдегі көпірдің муралына оның суреттері рұқсатсыз салынғанын мәлімдеді
Диджитал-суретші, арт туындылардың авторы Магира Тілеуберлина авторлық құқығының бұзылғанын мәлімдеп, оның суреттерін Семейдегі көпір маңындағы саябаққа рұқсатсыз салып қойғандарына наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Елордалық суретші өзінің туындылары ұрланғанына шамданып, әкімдіктен жауап беруді сұрады.
“Мен қайдағы бір компания суретшілердің жұмысын ұрлайтын елде тұрамын. Суреттерімді еш ұялмай, алаңға қойып қойған. Бұл – ұрлық, ал сіздер – ұрысыздар”, — деді 25 жастағы суретші.
Сонымен қатар ол бұл суреттерді "Invictus Fitness Kazakhstan" компаниясына авторлық құқығымен қоса сатқанын айтты. Айтуынша, компания да оларды сотқа бере алады.
Магира Тілеуберлина Stan.kz тілшісіне оқиғаны баяндап, суреттерді алып тастауды талап ететінін айтты.
“Мен муралистік суретшілер ұйымымен жұмыс істеп, кей туындыларымды авторлық құқығыммен қоса саттым. Муралистер көпірді салатын мердігерлермен келісімшарт жасайтын кезде, бұл суреттерді эскиз ретінде көрсеткен. Мердігер муралды мақұлдаса да, кейін арада түсініспеушілік болып, жұмыс тоқтаған. Осыған қарамастан мердігер менің жұмыстарымды ұрлап, басқа муралистік ұйымға осыны салғызыпты. Мен бұл туралы хабарсызбын, тіпті маған ескертпеді де, ақымды да төлемеді”, – деді қыз.
Айтуынша, оған мұны көпір салынғаннан кейін оқырмандары жіберген.
“Енді жосықсыз мердігерлерді заңнамалық деңгейде жазалап, маған және AirGArt муралистеріне моральдық өтемақы төлеуді талап етемін. Сонымен қатар бұл суреттерді алып тастасын”, – деді суретші.
Бұл көпірді салғызған – KAZ Minerals тобы. Олар жағдайға түсініктеме беріп, авторлық құқық сақталмағанын білмегенін мәлімдеді.
“KAZ Minerals Семейдегі көпір асты кеңістікті жасау кезінде авторлық құқықтар төңірегінде туындаған өкінішті жағдай туралы хабарлайды. KAZ Minerals бұл жобаға қайырымдылық көмек көрсеткен. Дизайн және стиль мәселері – тапсырыс беруші мен мердігердің жауапкершілігі. Қазір мән-жайды анықтап жатырмыз”, – деді компанияның баспасөз қызметі.
Семей қалалық әкімдігі сурет авторымен байланысқа шыққанын хабарлады.
“Семей қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі осы оқиғаны реттеу үшін "AirGArt" суретшілер шығармашылық бірлестігі командасының мүшесі, сурет авторы Магира Мансуровнамен байланысқа шықты. Қазіргі уақытта авторлық құқықтың бұзылуына әкелген жағдайларды анықтау үшін тексеру жүргізілуде.
Мердігер ұйым тиісті келісімді алмай суреттерді пайдаланғаны үшін автордан кешірім сұраймыз. Осы мәселені реттеу үшін барлық шаралар қабылданатындығын хабарлаймыз”, – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.