Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Транстелеком" өз акционерлеріне бірден үш жылдың дивидендін төлейді

19 қаңтарда KASE қор биржасының ресми сайтында "Транстелеком" АҚ өз акционерлеріне үш жылдың дивиденін төлейтіні жайлы ақпарат жарияланды. Мәлімдемеге сәйкес дивидендтер 2016-2018 жылдар бойынша қарапайым акцияларға төленеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes.kz басылымына сілтеме жасап. 

Транстелеком

Дивидендтердің жалпы сомасы – 2 млрд 469 млн 517 629,5 теңге. Оның ішінде 2016 жыл – 519 883 110,5 теңге, 2017 жыл – 1 175 618 290 теңге, 2018 жыл бойынша 774 016 229 теңгеге тең. 

Биржаға арналған хабарламаға компанияның қаржы және экономика бойынша басшысының орынбасары Данияр Қожасбаев қол қойған. 

1998 жылы негізі қаланған "Транстелеком" АҚ – Қазақстандағы ірі байланыс операторларының бірі. Компания ІТ саласында телекоммуникация, цифрландыру және цифрлық интеграция бойынша маманданған. 

Forbes Kazakhstan дерегіне сүйенсек, компанияның 2020 жылғы табысы 68,59 млрд теңге болған. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен (82,09 млрд теңге) 16,5%-ға аз. Таза табысы 37,9%-ға, 2,7 млрд теңгеден 3,78 млрд теңгеге өскен. 

"Транстелеком" АҚ акцияларының 75% Нұрали Алиевке, 25% "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына тиесілі. 

"Транстелеком" акцияларынан бөлек, Нұрали Алиев Capital Holding компаниясына иелік етеді, "Еуропа плюс Қазақстан" ЖШС, "Donatello Hotels and Resports" қонақ үйінде (БАӘ), Алматыдағы Donatello boutique hotel компанияларында үлесі бар. Сонымен қатар Алиев –  Snow Leopard Foundation халықаралық қоры мен жеке ZHANARTAU қайырымдылық қорының негізін салушы және құрылтайшысы. 

Талқылау