Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамптың билікке келуі, Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыстың тоқтауы, Түркиядағы өрт: Әлем жаңалықтарына апталық шолу

Осы аптада Дональд Трамп ресми түрде АҚШ-тың 47-президенті ретінде қызметіне кірісті. Трамп әлемдегі қақтығыстарды шешуге тырысатынын айтып, Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтатуға кірісті. Оған қоса Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс та келісіммен аяқталды. Сонымен қатар осы аптада Түркиядағы қонақ үйлердің бірінде шыққан өрт әлем назарында. Өрттен 79 адам қаза тапқаны белгілі болды. Stan.kz тілшісі әлемде болып жатқан оқиғаларға апталық шолу ұсынады.

Фото: Getty Images

Дональд Трамптың инаугурациясы

2025 жылдың 20 қаңтарында Дональд Трамп ресми түрде АҚШ-тың 47-президенті ретінде қызметіне кірісті. Төрт жыл бұрын Ақ үйден кеткен Трамп билікке қайта оралды.

Әдетте, АҚШ президентінің ұлықтау рәсімі Капитолийдің сыртындағы ашық алаңда өтетін. Алайда Вашингтондағы қолайсыз ауа райына байланысты бұл жолғы рәсім Капитолийдің орталық залында ұйымдастырылды.

Ұлықтау рәсіміне Дональд Трамптың отбасы мүшелері, қызмет мерзімі аяқталатын президент Джо Байден және вице-президент Камала Харрис, бұрынғы президент Билл Клинтон жұбайы Хилларимен, бұрынғы президенттер Джордж Буш пен Барак Обама да қатысты.

Саяси реформалар және алғашқы қадамдар

Дональд Трамп ұлықтау рәсімінен сөз сөйлеп, АҚШ халқына үндеу жолдады.

"Американың алтын ғасыры басталады. Осы күннен бастап еліміз гүлденіп, тағы да бүкіл әлемнің құрметіне ие болады", – деді Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп заңсыз иммиграциямен күресу үшін елдің оңтүстік шекарасында төтенше жағдай жариялау туралы жарлыққа қол қоюға ниетті екенін айтты.

"Мен оңтүстік шекарамызда төтенше жағдай жариялауды көздеп отырмын. Шекараны кесіп өтудің барлық заңсыз әрекеттері дереу тоқтатылады. Үкімет миллиондаған заңсыз иммигранттарды қайтара бастайды", –  деді.

Фото: ТАСС

Трамп Панама билігі Панама каналын басқарудағы өз міндеттерін орындай алмай жатқанын және Америка Құрама Штаттары оны қайта өз бақылауына алатынын айтты.

“Каналды Қытай бақылап отыр. Біз каналды Қытайға емес, Панамаға бердік және кері қайтарамыз”, – деді.

Трамп тағы да Панама билігін американдық кемелерден, соның ішінде АҚШ Әскери-теңіз күштері үшін өте көп ақы алды және Панама каналды бақылау бойынша келісімді бұзды деп айыптады.

Дональд Трамп АҚШ-тың жаңа билігінің тек екі жынысты – ер мен әйелді мойындайтынын мәлімдеді.

"Бүгіннен бастап Америка Құрама Штаттары үкіметінің ресми саясаты тек екі жынысты: ерлер мен әйелдерді мойындайды. Біз адамдардың терісінің түсіне емес, еңбегіне негізделген қоғам құрамыз", – деді Трамп.

Фото: ТАСС

Оған қоса АҚШ президенті әлемдегі қақтығыстарды шешуге атсалысатынын айтты.

"Біздің жетістігіміз тек жеңген соғыстарымызбен ғана емес, сонымен бірге аяқталуына әсер еткен соғыстармен де өлшенеді. Мен бітімгер және екі ортаны жақындастыратын адам болғым келеді ", – деді ол.

Бұл ретте ол АҚШ қарулы күштерін нығайту мәселесіне көңіл бөлуге уәде берді.

"Біз тағы да 2017 жылғыдай әлемдік тарихтағы ең күшті әскер құрамыз", – деді Трамп.

Дональд Трамп ұлықтау рәсімінен кейін жақтастарының қатысуымен өткен митингте президент Джо Байденнің 78 бұйрығының күшін жою туралы жарлыққа қол қойды.

Украина мен Ресей арасындағы соғыс тоқтай ма?

Фото: РИА Новости

Трамп Украинадағы қақтығысты шешу үшін Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге дайындалып жатқанын мәлімдеді. 

Трамп Ресейді Украина мәселесіне қатысты тез арада келісімге келуге шақырды. Келісімге келмеген жағдайда Ресейдің АҚШ-қа экспортына баж салығы мен санкциялар салатынын айтып қорқытты.

"Мәміле жасайтын уақыты келді. Бұдан кейін адам өлімі болмауы керек. Егер келісімге келмесек, Ресейдің АҚШ-қа әкелетін барлық тауарына және Ресеймен байланысы бар барлық елдерге салынатын салық мөлшері артады, санкция салудан басқа амалымыз қалмайды", – деді Трамп.

Сонымен бірге ол Ресейге зиян келтіргісі келмейтінін айтты.

"Мен Ресейге зиян тигізгім келмейді. Мен орыс халқын жақсы көремін және Ресей президенті Владимир Путинмен әрқашан өте жақсы қарым-қатынаста болдық", – деді Трамп.

Фото: РИА Новости

Трамп АҚШ-тың БРИКС елдерімен сауда қарым-қатынасын қиындатып, осы елдерде өндірілетін өнімдерге үлкен баж салығын енгізбек.

Трамп Ресейде, Үндістанда, Қытайда, Оңтүстік Африкада және Бразилияда өндірілген өнімдердің АҚШ-қа импортына 100%-дық кедендік баж салығын енгізуге рұқсат берді. БРИКС құрамына Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Мысыр, Эфиопия және Индонезия да кіреді.

Трамп қызметке кіріскеннен кейін бірден Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу туралы бұйрыққа қол қойды. Трамп ДДСҰ басшылығын коронавирустық пандемия кезінде "Қытайға бағытталған" саясат ұстанды деп айыптаған еді. 

Трамп қол қойған бұйрықта АҚШ-тың "Ұйымның Уханьда туындаған Covid-19 пандемиясын және басқа да жаһандық денсаулық дағдарыстарын шеше алмауына байланысты” ұйымнан шығатыны айтылған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Тарик Ясаревич АҚШ президентінің шешімін өзгертеді деген үмітін білдірді.

Түркиядағы өрт

Фото: Getty Images

Түркияның Болу провинциясындағы Карталкая ауданында орналасқан Гранд Картал қонақүйінде 20 қаңтар күні таңғы 03:30 шамасында өрт шықты. Өрт кезінде қонақүйде 238 адам болған.

Түркия билігі таратқан ресми ақпаратқа сәйкес өрт салдарынан 79 адам қаза тауып, 51 адам зардап шеккен..

Түркияның денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен 51 адамның жағдайына қатысты мәлімдеме жасап, 29 адам ауруханадан шығарылғанын, қалған 22 адам ауруханада жатқанын атап өтті.

Қазір өртенген қонақүйде мамандар құтқару және өрт сөндіру жұмыстарын аяқтады. 

Өрттің шығу себебі мен кінәлілер анықталуда, істі тергеуге 6 прокурор мен 5 адамнан тұратын сараптама комиссиясы жұмылдырылған.

Фото: Getty Images

Түркияның әділет министрі Йылмаз Тунч Болу Карталкаядағы қонақүй өртін тергеу аясында 12 адамның ұсталғанын мәлімдеді.

"Әзірге 12 адам ұсталды. Оның ішінде қонақ үй иесі, менеджер және қонақүй қызметкерлері бар. Оқиғаның орын алуына кім себепкер болса, сот алдында жауап беріп, тиісті жазасын алады”, – деді министр.

Алдын ала мәлімет бойынша, жергіліктің биліктің өрт сөндіру бөлімі 2024 жылдың желтоқсан айында ғана қонақүйде өрт қауіпсіздігіне қатысты тексеру жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған екен. Тексеру нәтижесінде қонақүйдің эвакуациялық шығу, жарықтандырылған бағыт белгілері, апаттық жарықтандыру жүйесі, сөндіру құралдарының нұсқаулары, анықтау жүйелерінде, өрт дабылында кемшіліктер анықталған.

Өрт кезінде қонақүй ішінде болған адамдар өрт дабылын естімегендерін, өрттің дыбысынан оянғандарын айтады.

Қонақүй тау шыңында орналасқандықтан өрт сөндірушілер кешігіп келген. Оқиға орнына ең жақын өрт сөндіру бөлімшесі бір сағаттық жерде болғаны хабарланды. 

Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс тоқтады

Фото: ЕРА

19 қаңтар күні Израиль мен ХАМАС арасындағы 15 айға созылған қақтығыс тоқтап, келісімнің алғашқы кезеңі басталды.

Бұл келісімге АҚШ, Қатар және Мысырдың делдалдығымен қол жеткізілді. Алғашқы күні Израильге үш тұтқын әйел қайтарылды. Олардың орнына Израиль түрмелерінде жазасын өтеп жатқан 90 палестиналық тұтқын босатылатын болды.

Келісімнің бірінші кезеңінде, 42 күн ішінде, ХАМАС 33 израильдік тұтқынды босатады деп келісілген. Өз кезегінде Израиль 2000-ға жуық палестиналық тұтқынды босатуы тиіс. Сондай-ақ Израиль әскерлері бұл кезеңде Газадағы әскери операцияларын тоқтатады.

Израильдік тұтқындарың босатылуы

Фото: Getty Images 

Қызыл Крест ұйымы тұтқындарды Израиль әскеріне жеткізу жұмысын жүзеге асырды. Тұтқындар медициналық тексеруден өту үшін тікұшақпен Израиль аумағындағы ауруханаға жеткізілді.

Израиль астанасы Тель-Авивтегі Өнер мұражайының алдына жиналған израильдіктер тұтқындардың босатылғаны туралы жаңалықты ерекше толғаныспен қарсы алды. Алаң 2023 жылдың 7 қазанынан бастап "Тұтқындар алаңы" деген бейресми атауға ие болған.

Келісімнің алғашқы күні үміт пен қобалжуға толы болды. Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімнің келесі кезеңдері тұтқындардың толық қайтарылуына қаншалықты ықпал ететіні уақыттың еншісінде.

Палестиналық тұтқындардың қайтарылуы

Фото: Reuters

Палестинадағы ХАМАС ұйымы мен Израиль арасындағы келіссөздер нәтижесінде тараптар алты аптаға созылатын уақытша бітімге келді. Бастапқыда таңғы сағат 8:30-да басталады деп жоспарланған бұл келісім, ХАМАС тарапынан тұтқындар тізімін кеш тапсыруына байланысты үш сағатқа кешіктірілді. Израиль әскері Рафах аймағындағы әскери техниканы Мысыр шекарасынан шығара бастады. Ал бітім ресми түрде 11:15-те күшіне енді.

Келісімге сәйкес, ХАМАС алты аптаның ішінде Израильдің 33 азаматын босатуға міндеттелді. Оның ішінде ұзақ жылдар бойы Газада тұтқында болған Авер Менгисту мен Хишам ас-Сайид те бар. Ал Израиль әр босатылған азамат үшін 30 палестиналық тұтқынды, ал босатылған әйел сарбаздар үшін 50 тұтқынды азат етеді. Қосымша, алты апта ішінде 2011 жылғы "Шалит келісімі" бойынша бостандыққа шыққан, бірақ кейін қайта тұтқындалған 47 палестиналық та босатылады.

Бірінші күні 90 палестиналық тұтқын Израиль түрмелерінен босап шықты. Олардың көбі 2023 жылдың 7 қазанынан кейін ұсталғандар. Бұлардың арасында әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылыққа шақырғандары және саяси себептермен қамалғандар бар. 

Палестиналықтар келісімді қалай қабылдады?

Мыңдаған палестиналық Газа көшелерінде соғыстың аяқталуын тойлады. Жауынгерлерді қарсы алуға жиналған Газа халқы ХАМАС-тың қарулы қанаты – "әл-Кассам бөлімшелеріне" ұрандап, қолдау білдірді.

Палестинаның азаматтық төтенше қызметінің мәліметі бойынша, келісімге қол қойылуға аз уақыт қалғанда Израильдің әскери шабуылдарынан 13 адам қаза тапқан. Алайда келісім күшіне енгеннен кейін ешқандай шабуыл тіркелмеген.

Газа секторындағы ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, қақтығыстар барысында шамамен 47 мың адам қаза тапқан. Соғыс салдарынан жүздеген мың адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Қақтығыс 2023 жылы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильдің жақын маңдағы қалаларына басып кіруінен басталған. Шабуыл кезінде 1200 израиль азаматы қаза тауып, 250 адамды тұтқындалған. Тұтқындардың арасында Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Таиланд және басқа да елдердің азаматтары болған.

Израильдің келісімге қатысты көзқарасы

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху келісімге байланысты ресми мәлімдеме жасады.

"Кабинет пен үкімет тұтқындарымызды қайтаруға бағытталған жоспарды бекітті. Тұтқындарды қайтару — соғыстың басты мақсаты. Мақсатымызға қол жеткізгенше тоқтамаймыз. Бұл келісім ең алдымен майдандағы жауынгерлеріміздің ерлігі мен Израильдің өмірлік маңызды мүдделерін қорғаудағы табандылығының арқасында мүмкін болды. Сондай-ақ келісім Байден әкімшілігімен және жаңа Трамп әкімшілігімен ынтымақтастық нәтижесінде жасалды", — деді Нетаньяху.

Алдымен бұл келісімді Израильдің әскери-саяси кабинеті мақұлдады, содан кейін Министрлер кабинеті бекітті. 24 министр келісімді қолдаса, сегізі қарсы дауыс берді. Жиналыс жеті сағаттан астам уақытқа созылды.

Израильдің оңшыл "Оцма Йехудит" ("Күшті Израиль") партиясы үкіметтің ХАМАС-пен келісімге келуіне байланысты коалициядан шығатынын мәлімдеді. Үш министр — Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир, Мәдениет министрі Амихай Элияху және ұлттық тұрақтылықты дамыту министрі Ицхак Вассерлауф премьер-министрге отставкаға кету туралы өтініштерін тапсырды.

Ал Трамптың жаңа әкімшілігінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтц CBS News-ке берген сұхбатында "ХАМАС Газа секторын ешқашан басқара алмайды" деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ, егер ХАМАС келісім шарттарын орындамаса, "АҚШ Израильді қолдайды" деп атап өтті.

Таиландта біржынысты неке туралы заң күшіне енді

Фото: pixabay.com

Таиландта біржынысты некелерді заңдастыру туралы заң күшіне енді. Өткен жылы аталған заң жобасын патшалықтың үкіметі мен парламенті мақұлдап, патша қол қойған еді.

Заңда неке ер мен әйелдің емес, екі адамның серіктестігі ретінде анықталады. Біржынысты жұптар барлық жеңілдіктерді пайдалануға және бала асырап алуға құқықылы болады. Сонымен қатар жаңа заң ерлі-зайыптылардың ортақ мүліктерін иелену және басқару мәселелерін де реттейді.

Таиланд біржынысты қатынастарды заңдастырған Оңтүстік-Шығыс Азиядағы алғашқы мемлекет және әртүрлі жыныс өкілдерінің және біржынысты адамдардың некелеріне тең құқықтық мәртебе берген әлемнің 38-елі атанды.

“Түрлі-түсті жалау Таиланд аспанында мақтанышпен желбіреп тұр", – деп жазды елдің премьер-министрі Пхетхонгтхан Чинават X әлеуметтік желісінде.

Таиланд ұзақ уақыттан бері ЛГБТҚ+ қауымдастығына деген оң көзқарас таныту деңгейі бойынша аймақта көшбасшы елдердің бірі болып келеді. Бұған дейін ел билігі 2015 жылы жыныстық бағдар мен гендерлік сәйкестікке байланысты кемсітушілікге тыйым салатын "Гендерлік теңдік туралы" заң қабылданған болатын.

Заң күшіне енген күннен бастап некелерді тіркеу рәсімдері басталып кетті. Банграк аудандық кеңсесінде некеге тұрған алғашқы жұп – 64 жастағы Сумали Судсайнэт пен 59 жастағы Тханапхон Чокхонгсунг болды. Олар журналистерге өздерінің неке сақиналарын көрсетті.

"Біздің қуанышымызда шек жоқ. Бұл күнді он жыл күттік", – деді Тханапхон.

Қазіргі таңда әлемнің 30-дан астам елінде біржынысты неке заңдастырылған. Алғашқылардың бірі болып бұл заң 2001 жылы Нидерландта қабылдаған. Азияда осындай заңдар Тайвань мен Непалда қолданылады.

Қырғызстанда қоғамдық орындарда никаб киюге тыйым салынды

Фото: pixabay.com

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қоғамдық орындарда әйелдерге никаб киюге тыйым салатын заңға қол қойды. Бұл туралы ақпарат президенттің ресми сайтында жарияланды.

Енді Қырғызстанда "тұлғаны анықтауға мүмкіндік бермейтін киім киюге" тыйым салынады. Бұл заң қызметіне қатысты немесе медициналық себептермен бетті жабатын киімдерге қатысты емес.

Сондай-ақ "Қырғыз Республикасының діни саладағы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" заңға сәйкес, “Басқа діндерге жататын адамдарды өз дініне тартуға, діни тұрғыда бейтарап адамдар мен атеистерді дінге шақыруға, сондай-ақ қарттар үйлері, түрмелер мен әскери бөлімдер сияқты бірқатар мекемелерде діни рәсімдер өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ діни әдебиеттер мен басқа да материалдарды оқу орындарында, қоғамдық орындарда және үйлерді аралау кезінде таратуға тыйым салынады”.

Заңның кез келген тармағын бұзғандарға 20 мың сом (230 доллар) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Жогорку Кенеш бұл заңды және "Діни сенім бостандығы мен діни бірлестіктер туралы" заңды 2024 жылғы 26 желтоқсанында қабылдады. Екінші заң бойынша, енді діни білім алу үшін шетелге шығуды қалаған Қырғызстан азаматтары елдің Діни істер жөніндегі мемлекеттік комиссиясынан және діни ұйымдардың орталық басқару органдарынан рұқсат алуы тиіс.

Талқылау