Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баланың тірі не өлі екені белгісіз": АҚШ азаматы бұрынғы қазақстандық әйелін баласын "ұрлады" деп айыптап, сотқа берді

Фото: Stan.kz / Гийом Гарроның жеке архивінен

Алматыда америкалық азамат Гийом Гарро мен оның бұрынғы жары Сана Онаева арасындағы үш жасар баланың тағдырына қатысты халықаралық сот дауы өршіп тұр. Гийомның адвокаты Абзал Қасымжановтың айтуынша, Сана Онаева АҚШ сотының шешімін орындамай, ұлын елге қайтарудан бас тартқан және қазір Интерпол арқылы іздестіріліп жатыр. Әкесі баласын 1,5 жылдан бері көрмегенін айтып, оның қауіпсіздігі мен денсаулығына алаңдаулы. Осы ретте әкесі Stan.kz тілшісіне бұрынғы әйелі мен баласын тапқан жандарға 5 миллион теңге көлемінде сыйақы беретінін де айтты.

“Әйелі мен баласын тапқан жандарға 5 миллион теңге көлемінде сыйақы бермек”

Алматыда америкалық азамат пен оның бұрынғы жары Сана Онаеваның үш жасар ұлына қатысты сот дауы жалғасып жатыр. Ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар баланың кіммен қалатынын шеше алмай, сотқа жүгінген еді. Бұған дейін АҚШ соты баланы әкесімен қалдыру туралы шешім шығарған, алайда анасы Сана Онаева ұлын уақытша екі аптаға Қазақстанға алып келуге ғана рұқсат алған. Алайда ол бұл мерзім аяқталған соң, елге қайтудан бас тартқан.

АҚШ азаматтығы бар әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, өз қауіпсіздігі мен баласының амандығы үшін Қазақстанда қалуға мәжбүр болғанын айтқан еді. Осы жылдың басында Алматы сотының алғашқы инстанциясы шешімді ананың пайдасына шығарса, кейін ювеналды сот бұл үкімді өзгертіп, баланы әкесіне қайтару туралы шешім қабылдаған.

Алайда бүгінгі, 29 қазанда өткен баспасөз конференциясында баланың әкесі мен оның адвокаты мүлде басқа ұстаным білдірді. Олар, керісінше, баланың анасын заңды талаптарды орындамай, ұлын әдейі жасырып отыр деп айыптады және Сана Онаеваны АҚШ сотының шешіміне бағынуға шақырды.

АҚШ азаматы Гийом Гарро мен оның Қазақстандағы заңды өкілі, адвокат Абзал Қасымжанов мәлімдемесінде баланың анасын халықаралық заңды бұзды деп кінәлап, оны ұлын әкесіне қайтаруға міндетті екенін айтты. Адвокаттың сөзінше, АҚШ пен Қазақстан соттары да осы шешімді мойындаған, бірақ Сана Онаева сот актісін орындаудан жалтарып, жасырынған.

"Біз бұл істі эмоциямен емес, тек құқықтық тұрғыдан қарауымыз қажет. Себебі әңгіме халықаралық деңгейдегі отбасылық дау, оның ішінде кәмелетке толмаған баланың тағдыры туралы болып отыр. Мұның салдарынан баланың әкесі, АҚШ азаматы Гийом, бірнеше жыл бойы ұлын көруге және сот шешімін орындауға тырысқан. Отбасылық даулар Қазақстанда емес, баланың тұрақты тұратын жері саналатын Америка Құрама Штаттарында қаралуға тиіс. Бұл халықаралық тәжірибеге және екі ел арасындағы құқықтық келісімдерге сай келеді", – деп атап өтті адвокат.

АҚШ-тағы соттар алдымен ананың әрекетін заңсыз деп танып, баланы әкесіне қайтару туралы шешім шығарған. Кейін бұл шешім Қазақстанда да қаралып, ювеналды сот пен апелляциялық инстанция аталған шешімді мойындаған. Бірнеше айға созылған сот процесінен соң 2024 жылдың 4 қарашасында сот Гийомның талабын қанағаттандырды.

"Сот шешімі бойынша, баланың ұрланып әкетілгені дәлелденді. Себебі әке, ана және бала, үшеуі де АҚШ азаматтары. Сонымен қатар Сана Онаева АҚШ сотын әдейі жаңылыстырып, баланы қайтарамын деп алдап алып шыққаны анықталды. Сана Онаева қазір халықаралық іздеуде, яғни Интерполдың тізімінде. Қазір оның адвокаттық мәртебесін АҚШ-та тоқтату туралы мәселе қаралып жатыр. Ол жұмысқа да орналаса алмайды, себебі оның резиденттік рұқсаты жойылған. Шешім заңды күшіне енген соң, Гийом мырза бірнеше рет Қазақстанға келіп, сот актісін орындауға тырысты. Бұл жерде жеңімпаз не жеңілген тарап туралы емес, баланың амандығы мен ары қарайғы өмірі маңызды. Біз заңның орындалуын және баланың қалыпты өмірге оралуын қамтамасыз еткіміз келеді", – деді адвокат.

адвокат Абзал ҚасымжановФото: Stan.kz

“Бұрынғы некедегі күйеуіне де қысым жасады деп айыпталды”

Адвокат Абзал Қасымжанов Сана Онаеваның Қазақстанға қалай келгенін және осы іске қатысты Қазақстан мен АҚШ-тағы сот шешімдерінің мән-жайын түсіндірді.

"Бұл оқиғаның құқықтық негізін түсіну үшін, әуелі, олардың отбасылық қатынастары мен сот шешімдерінің ретін білу маңызды. Гийом Гарро мен Сана Онаева 2019 жылы танысып, 2020 жылдың маусымында АҚШ-та некеге тұрған. Бір жылдан кейін, 2021 жылдың қыркүйегінде олардың баласы Максимилиан-Алихан Гарро дүниеге келген. Алайда отбасындағы қарым-қатынас ұзаққа бармаған. 2023 жылдың ақпанында Гийом Гарро тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанына байланысты АҚШ сотына некені бұзу туралы өтініш берген. Сот оның дәлелдерін негізді деп тауып, 2024 жылдың тамызында неке ресми түрде бұзылды", – деп түсіндірді адвокат.

Абзал Қасымжановтың айтуынша, бұл Сана Онаеваның бірінші некесі емес. Ол бұған дейін АҚШ азаматы Эдуард Кабалерамен отбасын құрған және 2015 жылы оған да физикалық күш қолданғаны жөнінде сот материалдарында деректер бар.

"Сот құжаттарында бұрынғы күйеуі Эдуард Кабалераның арызы бар. Онда Сана Онаеваның оған қол көтергені және агрессивті мінез-құлқы туралы нақты сипатталған. Сол сияқты, Гийом Гарро да Сана Онаеваның зорлық-зомбылық әрекеттерінен кейін АҚШ сотынан қорғау бұйрығын алған. Сот шешімімен Онаеваға бұрынғы күйеуімен байланыс орнатуға және қандай да бір түрде қысым көрсетуге тыйым салынған. Бұл қорғау бұйрығы Сана Онаеваның Гийом Гарроға физикалық күш қолданғанын ресми түрде растайды. Сот оған Гийоммен және өзге де адамдармен кез келген байланысқа тыйым салды", – деп атап өтті адвокат Қасымжанов.

Соған қарамастан, 2024 жылдың ақпанында Сана Онаева АҚШ сотына Наурыз мерекесіне орай баласымен Қазақстанға қысқа мерзімге баруға рұқсат сұрап өтініш берген.

"Ол сотқа Наурыз мерекесінің мәдени мәнін түсіндіретін құжаттар ұсынып, өзін адал АҚШ азаматы ретінде таныстырған. Сот оған тек екі апта мерзімге 2024 жылдың 16 наурызынан 30 наурызына дейін баланы алып шығуға рұқсат берді. Алайда, Қазақстанға келген соң, Сана Онаева наурыз айының соңында Гийом Гарроны әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бұғаттап, байланысын үзген. Яғни ол соттың талабын қасақана бұзды. АҚШ соты тек екі аптаға рұқсат бергеніне қарамастан, Сана Онаева баланы қайтармай, Қазақстанда қалып қойды", – деп мәлімдеді адвокат Абзал Қасымжанов.

“Алматы қалалық адвокаттар алқасының” мүшесі Абзал Қасымжанов  Адвокат атап өткендей, осы оқиғадан бері 1,5 жылдан астам уақыт өтті, және баланың әкесі ұлын көрмеген. Осы уақыт ішінде ол АҚШ пен Қазақстан президенттерінің әкімшілігіне және балаларды қорғау ұйымдарына бірнеше рет хат жазған, алайда нәтиже болмаған. Сондай-ақ әкесі тіпті бұрынғы әйелі мен баласын тапқан жандарға 5 миллион теңге көлемінде сыйақы беретінін де айтты.

"Қазір бізде баланың тірі не өлі екені туралы да нақты ақпарат жоқ. Бұл ең ауыр және адамгершілік тұрғыдан алаңдатарлық жайт. Сонымен қатар ол баланың аутизм диагнозы бар екенін, бірақ Сана Онаеваның оны ешқандай емдеу немесе дамыту орталығына бермеген. Соттағы түсініктемесінде ол баласын ешқандай мектепке дейінгі ұйымға бермейтінін мойындады. Осылайша, бала қазір толық әлеуметтен оқшауланған. Бұл баланың құқығын өрескел бұзу деп санаймыз", – деді адвокат.

Фото: Stan.kz

“Жоғалған баласына арнап кітап та шығарған”

Америкалық Гийом Гарроның журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, өзінің АҚШ-тағы өмірі мен қызметі туралы мәлімет берді. 

"Қазір АҚШ-тағы ірі IBM ақпараттық технологиялар компаниясында бағдарламашы болып жұмыс істейді. Оның тұрақты табысы мен тұрғылықты үйі бар, сондықтан баласына лайықты өмір сүру жағдайын қамтамасыз ете алады. АҚШ-та аутизм диагнозы бар балаларға арналған арнайы балабақшалар мен мектептер бар. Ал, өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай оқу немесе дамыту мекемелері жоқ. Бізде баланың ауруына қатысты медициналық құжаттар бар, оларда америкалық дәрігердің ұсынымдары нақты көрсетілген. Ол баланың әлеуметтік және дамытушы қолдауға мұқтаж екенін айқындаған", – деп жауап берді Гийом Гарро.

Сонымен қатар әке өз сөзінде ұлы өскенде шындықты білсін деп, оған арнап кітап жазып жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл кітап коммерциялық мақсатта емес, әкенің баласына қалдырған жеке хаты мен естелігі іспетті. Дегенмен қазір онлайн платформаларда кітап 6 396 теңгеге сатылып жатыр.

Фото: Stan.kz / Гийом Гарроның жеке архивінен

"Гийом бұл кітапты сату үшін емес, баласы есейгенде не болғанын түсінсін деп жазды. Егер Максимилиан-Алихан өсіп, бір күні “менің әкем қайда болды, неге ол жанымда болмады?” деп сұраса, сол кезде бұл кітап жауап береді. Онда ол өзінен тыс себептермен ұлынан айырылғанын, анасының әдейі оны оқшаулағанын баяндайды. Бұл – әкенің баласына деген махаббаты мен шындығының дәлелі", – деді адвокат.

Қасымжановтың айтуынша, АҚШ соты Гийом Гарроның қамқорлығын бекітіп, 2024 жылдың мамырында Сана Онаеваны ұрлау және сот шешімін бұзу фактісі бойынша ордер шығарып, оны іздеуге берген.

"Қазір Қазақстанның құқық қорғау органдары мен Интерпол бірлесіп іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өкінішке қарай, әзірге баланың нақты қайда екені белгісіз. Адвокаттың айтуынша, бала ұрлау ауыр қылмыс (Child abduction) болып саналады, мейлі ол өз баласы болсын немесе бөтен бала болсын. Егер ол АҚШ аумағына оралса, оны қамауға алу және бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Дегенмен, Калифорния штатында тәжірибе жүргізбеймін, себебі әр штаттың өз заңы бар. Сондықтан нақты мерзімін 5 жыл не 10 жыл екенін айту қиын. Бірақ жалпы алғанда, мұндай әрекеттің салдары өте ауыр болмақ", – деді адвокат.

 Фото: Stan.kz / Гийом Гарроның жеке архивінен / Фотода Сана Онаеваның өзі және анасы

Әйелдің туыстарында да АҚШ азаматтығы бар

Конференция барысында Гийом Гарро баласын жоғалтып алғаны үшін психолог және коучтардың көмегіне жүгінгенін айтты. Бұдан бөлек, некелері бұзылар алдында бұрынғы әйелі Сана да мамандарға барған, алайда одан ешқандай көмек алмағанын атап өтті.

Бұдан бөлек Сана Онаеваның Қазақстандағы туыстары туралы да жаңа мәліметтер айтылды. Ресми түрде олардың мекенжайы Алматыда тіркелгенімен, қазіргі уақытта ол жерде ешкім тұрмайтыны анықталған. Бастапқы тергеу кезінде Сана Онаеваның әпкесі олардың Қазақстанға қонаққа келетінінен хабардар болғанын айтқан. Алайда кейінгі тексеру барысында әпкесі онымен жақын қарым-қатынаста араласпайтыны белгілі болды. Сондай-ақ Сана Онаеваның анасы, әпкесі және ағасының да АҚШ азаматтығы бар екені хабарланды.

Адвокаттардың айтуынша, әзірге туыстарынан ресми түсініктеме алынбаған, бірақ алдағы уақытта олардан қосымша жауап алу жоспарланып отыр. Бүгінде іс Алматының Алмалы полиция басқармасында қаралып жатқаны белгілі болды. Ал Гийом Гарроның сөзінше, Сана Онаева Қазақстанға келгеннен кейін оның барлық туыстары ер адамды бұғаттап, байланысқа шықпай қойған. Сонымен қатар адвокаттың сөзінше, күдікті Сана Онаеваның Қазақстан шекарасы арқылы Қырғызстан Республикасына өтпек болған. Оның айтуынша, бұл әрекет сәтсіз аяқталған, себебі қазіргі таңда әйелге ел аумағынан шығуға ресми түрде тыйым салынған. Адвокат бұл шара баланың қауіпсіздігі мен сот шешімінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын атап өтті.

Сөз соңында адвокат әйелдің АҚШ азаматтығынан бөлек, Қазақстан азаматтығы да болғанын, тек 2023 жылдың басында ғана одан бас тартқанын атап өтті. Адвокаттың айтуынша, Сана Онаева Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған, өйткені қос азаматтыққа жол берілмейді және бұл елдің заңдарымен қатаң тыйым салынған.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 19:08
Талқылау