Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Трамп Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер үшін Түркияға бармайтын болды

АҚШ президенті Дональд Трамп Түркияда өтетін Ресей-Украина келіссөздеріне қатыспайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

14 мамырда Трамп өзінің тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, "көптеген адамның өмірін сақтап қалу" үшін Владимир Путинмен кездесу мүмкіндігін жібермейтінін айтты.

12 мамырда Трамп Түркияға баруы мүмкін екенін мәлімдеді, өйткені Путин де, Зеленский де сонда болады.

14 мамыр кешке Путин Ыстамбұлда Украинамен келіссөздерге қатысатын ресейлік делегацияның құрамын бекітті. Путиннің Түркияға баратын делегация құрамында болмайтыны белгілі болғаннан кейін Трамп Ыстамбұлға да келмейтін болып шықты.

"Путин Түркиядағы келіссөздерге өзінің жеке қатысуын растамады. Ресей мен АҚШ президенттерінің келмеуі соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер сәтті болады деген үмітті азайтады", – деп жазды Reuters.

Кремль бұған дейін Ыстамбұл келіссөздеріне қатысатын Ресей делегациясының құрамын жариялаған. Оның құрамында Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский (делегация басшысы), cыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин, қарулы күштер бас штабы бастығы Игорь Костюков және қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин болды.

Украина делегациясының құрамында президент Владимир Зеленский, президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермак, сыртқы істер министрлігі мен қорғаныс министрлігінің басшылары Андрей Сыбиха мен Рүстем Умеров бар. Сонымен қатар кездесуге Зеленскийдің дипломатиялық кеңесшісі Игорь Жовква да қатысады.

Келіссөздерге АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен Президенттің Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Виткофф қатысады.

Еске салайық, Путиннің өзі Киевке тікелей келіссөздерге қайта оралуды ұсынып, келіссөздерді 15 мамырда Ыстамбұлда "алдын-ала шарттарсыз" қайта бастауға болатынын айтқан еді. 

Түркияда өтетін келіссөздерге АҚШ президенті Дональд Трамп та қатыспайды, дегенмен ол бұған дейін бару мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 15 Мамыр, 2025 09:42
Талқылау