Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трамп Медведевтің мәлімдемесінен кейін атомдық сүңгуір қайықтарды орналастыруға бұйрық берді

Коллаж Stan.kz

Дональд Трамп Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің "арандатушы мәлімдемелеріне" жауап ретінде екі атомдық сүңгуір қайық жіберу туралы бұйрық бергенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы АҚШ президенті Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

"Ресейдің бұрынғы президенті, қазіргі Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің өте арандатушы мәлімдемелеріне байланысты, екі атомдық сүңгуір қайықты тиісті аймақтарға орналастыру туралы бұйрық бердім", – деп жазды Трамп.

АҚШ президенті мұндай сөздердің маңызы зор екенін және олардың жиі күтпеген салдарға әкеп соқтыратынын атап өтті.

Бұған дейін Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев пен Дональд Трамптың арасында АҚШ-тың Ресейге соғысты тоқтатуға уақыт белгіленуіне қатысты келіспеушілік болған еді. Трамп Медведевке "аузына абай болуға" кеңес беріп, "өте қауіпті аймаққа аяқ басып жатқанын" ескерткен.

"Егер Ресейдің бұрынғы президентінің кей сөздері АҚШ президентінің осыншалық ашулы реакциясын тудырса, демек, Ресей барлық жағынан дұрыс бағытта келе жатыр және өз жолымен жүре береді. Ал Индия мен Ресейдің "өлі экономикасы" мен "қауіпті аймаққа аяқ басты" дегенге келсек, Трамп өзі жақсы көретін “тірі өліктер” туралы фильмдерін есіне алсын, сондай-ақ табиғатта жоқ “өлі қолдың” қаншалықты қауіпті бола алатынын да ұмытпасын", – деп жазды Медведев өзінің Telegram-арнасында.

Айта кетейік, батыс баспасөзінде “Dead Hand” – "өлі қол" деген атаумен белгілі "Периметр" жүйесі – кейбір әскери сарапшылар мен мамандардың айтуынша, бұл Кеңес Одағында жасалған автоматтандырылған ядролық соққы беру жүйесі. Ол 1970-жылдардың соңында әзірленіп, 1985 жылы жауынгерлік кезекшілікке қойылған деген ақпарат бар.

Жүйе жаппай шабуылдың белгілерін (ядролық жарылыстарды, радиациялық фонның жоғарылауын және басшылықпен байланыстың үзілуін) бақылап, егер нақты қауіп расталса басқарушы сигналдар болмаса да, автоматты түрде ядролық ракеталарды ұшыруды бастай алады деп есептеледі.

Бұл жүйенің бар екенін ресми түрде айтқан тұлғалардың бірі Ресейдің стратегиялық мақсаттағы зымыран күштерінің бұрынғы қолбасшысы, генерал-полковник Сергей Каракаев болды. Алайда, жүйенің техникалық сипаттамалары, көлемі мен қазіргі мәртебесі әлі де құпия. Сондықтан оның шын мәнінде жұмыс істеп тұрғанын немесе жауынгерлік дайындықта екенін растау мүмкін емес.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы қақтығыста 50 күн ішінде бейбіт келісімге қол жеткізілмесе, Ресей мен оның сауда серіктестеріне қарсы 100 пайыздық тариф енгізілетінін мәлімдеген еді. Кейін Трамп 50 күндік мерзімді қысқартып, Ресейге тек 10 күн уақыт беретін айтты.

Дана Русланқызы
Жұма, 01 Тамыз, 2025 23:09
Талқылау
`