Трамп ірі Binance криптобиржасының негізін қалаушы Чанпэн Чжаоға рақымшылық жариялады
Фото: Reuters
АҚШ президенті Дональд Трамп әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы Binance компаниясының негізін қалаушы Чанпэн Чжаоны кешірді. Өткен жылдың сәуір айында ол ақша жымқыру ісі бойынша төрт айға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Ақ үй хабарлауынша, Трамп "өзінің конституциялық өкілеттігін пайдаланып", Байден әкімшілігінің "криптовалюталарға қарсы соғысы аясында қудаланған" Чжаоны кешірді.
"Байден әкімшілігінің әрекеттері АҚШ-тың технология мен инновация саласындағы беделіне айтарлықтай зиян келтірді. Байден әкімшілігінің криптовалюталарға қарсы соғысы аяқталды", – делінген Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролайн Левиттің мәлімдемесінде.
Binance негізін қалаушы өткен жылдың сәуірінде ақша жымқыруға қарсы заңды бұзғаны үшін төрт айға сотталған еді. Прокурорлар оны үш жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен, өйткені Чжаоның заңсыз қаржы операциялары "АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне елеулі зиян келтірді" деп есептейді.
Оған дейін 2023 жылдың қарашасында Чжао Binance бас директоры қызметінен кеткен және 50 миллион доллар көлемінде айыппұл төлеуге келісім берген. Ал компанияның өзіне АҚШ Әділет министрлігі 4,3 миллиард доллар көлемінде рекордтық айыппұл салып, оның қызметін қатаң бақылауға алған. Ведомство Binance-ті "миллиардтаған заңсыз қаражат айналымы жүрген алып ақша жымқыру орталығына" айналды деп атаған.
The Wall Street Journal атап өткендей, Чжаоны кешіру Binance компаниясына АҚШ нарығына қайта кіруге жол ашуы мүмкін. 2023 жылы компания өз кінәсін мойындағаннан кейін АҚШ-та жұмыс істеу құқығынан айырылған болатын.
Сонымен қатар Чжаоның сотталғаны Binance-тің бүкіл әлемдегі бизнесіне кедергі келтіріп, компанияның лицензия алу және банк шоттарын ашу мүмкіндігін қиындатқан. Binance шамамен бір жыл бойы Чжаоға кешірім алу үшін әрекет еткен. Ол 2024 жылдың қыркүйегінде түрмеден шыққан. WSJ деректері бойынша, компания бұл процесті жеделдету үшін лоббист Чес Макдауэллді жалдаған.
Трамп билікке келген сәттен бастап Binance оның отбасына тиесілі World Liberty Financial атты криптовалюта жобасының негізгі серіктестерінің біріне айналды. Бұл бизнес президенттің жеке байлығын айтарлықтай арттырған.
WSJ мәліметінше, былтырдың өзінде Binance Трамптың одақтастарына АҚШ нарығына қайта оралу жоспары аясында оның отбасымен бірлескен бизнес-жоба жасау туралы ұсыныс жасаған.
Трамп отбасының өкілдері Binance компаниясының америкалық бөлімшесіне қаржылық қатысу туралы келіссөздер жүргізген. Сол кезде Чжао Binance.US-пен ешқандай келіссөз жүргізбегенін айтып, X (бұрынғы Twitter) желісінде:
"Ешбір сотталған адам кешірімге қарсы болмайды", – деп жазған болатын.
WSJ атап өткендей, World Liberty жобасы соңғы бір жылда Трамп отбасына жылжымайтын мүлік бизнесінен әлдеқайда көп табыс әкелген. Binance World Liberty шығарған доллармен байланыстырылған USD1 криптовалютасының дамуында маңызды рөл атқарған. Көктемде Binance бұл жобаны қолдап, сыртқы инвестордан 2 миллиард доллар инвестиция тартуға көмектескен және өз платформаларында USD1 саудасын белсенді түрде ілгерілеткен. World Liberty компаниясы Чжао жобаның негізін қалаушы Зак Уиткоффпен – Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффтың ұлымен достық қарым-қатынаста екенін растайды, бірақ Binance-пен ресми бизнес-келісім жасамағандарын мәлімдеді.
Абу-Дабиде тұратын Чанпэн Чжао 2017 жылы Binance компаниясын құрған және оны 300 миллионнан астам қолданушысы бар әлемдегі ең ірі криптобиржаға айналдырған. Чжао Трамп кешірген тағы бір криптобизнесмен болды. Бұған дейін наурыз айында президент BitMEX биржасының негізін қалаушы Артур Хейсті де ұқсас құқықбұзушылық үшін кешірген еді. Чжаоны кешіру шешімі Конгрестегі демократтар тарапынан қатты сын туғызуы мүмкін. Олар бұған дейін Трамп әкімшілігінен Binance және Чжаомен байланыстардың толық деректерін жариялауды талап еткен және компанияның президент отбасы мен әкімшілігі арасындағы қаржылық байланыстары этикалық күмән тудырады деп мәлімдеген.
BI Group жалдаған компания жұмысшыларына еңбекақысын төлемеді деп айыпталды