Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Трактордың астында қалған: Елордада сұмдық апаттан аман қалған 5 жасар қыздың жағдайы белгілі болды

Елордалық дәрігерлер трактордың астында қалған бес жасар қызға сәтті операция жасады. Он күн жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршін есін жиды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

трактор

Еске салайық, қыркүйек айының басында елорда аумағындағы ауылдық жерлерде қайғылы оқиға болды. Екі баланы трактор басып кетті. Өкінішке қарай, 8 жастағы ұл бала оқиға орнында қаза болды. Екінші бала елордалық балалар ауруханасына жедел жеткізілді.

"Ауруханаға түскен бойда баланың жағдайы өте ауыр болғанын дәрігерлер де дәлелдеп отыр. Жедел хирургиялық көмек бөлімшенің деңгейінде науқасты хирургтар, нейрохирург, травматолог және реаниматологтар қарап шықты. Бала 10 күн жансақтау бөлімінде жатты", - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде.

Аурухананың травматолог дәрігері Мұхтар Ахмұрзаевтың айтуынша, қыз бала жарақаттық шок жағдайында түскен.

"Бала өте ауыр жағдайда, 3 дәрежелі жарақаттық шок жағдайында түсті. Мамандардың уақытылы жедел көмек көрсеткені аса маңызды болды. Бала аппаратқа қосылып, шокқа қарсы терапия жүргізілді. Шұғыл түрде ота жасау керек екені белгілі болды", - деді дәрігер.

5 жасар қыздың жанында қазір отбасы бар. Олар дәрігерлерге шексіз алғыс білдірді.

"Қазір қызымның жағдайы жақсы. Көңіл-күйі де жақсы. Әкесімен видео байланыс арқылы телефонмен сөйлесіп тұрады. Барлық отбасы болып дәрігерлерге мың алғыс айтамыз. Бірінші Құдайдың қалауымен, екінші дәрігерлердің арқасында қызымыз қазір аман-есен қасымызда", - дейді қыздың анасы.

"Қыздың аман-есен шығуы үлкен қуаныш. Жамбас пен зәр шығару жолдары қатты зақымданған. Қазір баланың жағдайы тұрақты. Барлық процедураларды аяқтағаннан кейін бала үйге шығарылады", - деді хирургиялық бөлімінің басшысы Ринат Байгиреев.

Талқылау