"Баянның келіні "қайраткер" атанды": Қазақстандықтар "Халық әртісі" атағын алғандарға қарсы шықты
Фото: Stan.kz
Жақында әнші Әлішер Каримов “Халық әртісі” атағын алды. Танымал хитмен Amre “Менен басқасының бәрі атақ алды” деп елеусіз қалғанына қапаланып, жазба жариялады. Желі қолданушыларының бірі Мейрамбек Беспаевты лайық көрсе, екіншісі Нұрлан Өнербаевтың атақсыз жүргенін айтты. Осы орайда Stan.kz тілшісі бір топ өнер өкілдеріне хабарласып, атақ-даңқ төңірегінде әңгіме өрбітті.
Биыл “Халық әртісі” атағын алғандарды сынаған пікірдің қарасы көп. “Айқайлағанның бәрі атақ алды”, “Өнеріне сөзім жоқ, бірақ мұндай марапатқа лайықсыз”, “Қай әні үшін берілді екен?! Ешқандай әнін білмейміз”, “Қазақ әнінің қара нарлары қайда қалған?!”, “Баянның келіні де “қайраткер” атанды”, “Атақты танымал адамдарға бермей ме?!”деп жазды көпшілік.
Желі қолданушыларының көп белгілеп, атаққа лайық көрген әншілерінің бірі – Қайрат Нұртас. Өнер иесінің продюсері Гүлзира Айдарбекова біз білмейтін құпияның шетін шығарып, тың ақпаратты бөлісті.
“Қайратты атаққа ұсынғанын ешкімнен естіген жоқпыз. Халық өз бағасын беріп қойған. Биліктен ешқандай марапатқа шақырту келген жоқ. Жалпы, мен бірнәрсе айтайын: Қайрат атақ алу үшін лауазымда, қызметте жүрген ағаларының тойында тегін өнер көрсетуі керек. Сол кезде ғана атақ береді. Бізге сондай ұсыныс жасаған. “Қайрат мынадай кісінің тойына барса, атағын алып береміз” деген. Мен ондай дүниелерге қарсымын. Сатып алғанмен бірдей емес пе?! Сосын бізге сатып алған дүние жақпайды. Не нәрсеге қол жеткізсек те, маңдай тер төгуге тура келеді. Балам 20 жылдан бері өнерде жүр. Осы күнге дейін атақ сұрап, ешкімнің есігін қаққан емеспіз. Қайрат та атаққұмар емес. Халық жақсы көреді, әндерін сүйіп тыңдайды. Біз үшін бақыт осы”, – деді продюсер.
Күні кеше 50 жасқа толып, шығармашылық кешін өткізген Досымжан Таңатаровқа хабарласқанымызда, “артық әңгіме неге керек?!” деп ашуланып қалғанымен, атаққа лайық замандастарының есімін атады.
“Атақ алғанның әңгімесі көп”
“Жаңа жасымды елмен бірге тойлап, үлкен концерт қойдым. Оның бәрін атақ алайын деп істемедім. Өнер адамы ретіндегі халық алдындағы парызым деп білемін. Осы атақ алған кезде әңгіме де көбейеді. Өсек айтып не керек?! Халықтың пікірімен ешкім санасып жатқан жоқ. Атақты беретін арнайы коммиссия мүшелері бар. Солар не дейді, сол болады. Биыл алып жатқандарды да арнайы коммиссия бекіткен. Атақ алғандардың керемет көзге көрінбейтін таланты бар шығар?! Кім білсін?! Әңгіме айтып, өсек теретіндердің қатарынан емеспін. Біздің буыннан Саят, Мейрамбек Сәкендер алмаған екен. Аға буын өкілдеріне беруі керек еді. Сол кезде қатты қуанатын едім”, – деді әнші.
Одан кейін әріптестерінің атақ алғанына өткір пікір білдіріп, сынап жүретін өнер иесі Ақбота Керімбековаға хабарластық. Бүкіл аспапта ойнап, ән салатын әнші ешқандай атақ алмағанын айтты.
“Әлішердің бағы жанып, жолы болды”
“Жалпы менің түсінгенім, атақ алу үшін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуің керек. Одан кейін “Еңбек сіңірген қайраткері” атағын алуың керек. Содан кейін барып “Халық әртісіне” ұсыныласың. Мысалы, Айгүл Қосанова консерваторияда оқытушы, профессор екен. Өзінің жеке жетістігінен бөлек, мемлекеттік қызметте жүр. Өзім де Айгүлдің шығармашылығын жоғары бағалаймын. Мен ешқандай мемлекеттік қызметте жоқпын. Ал Әлішердің бағы жанып, жолы болды. Ол да жеке дара талантты жастарымыздың бірі. Шығармашылықтан қол үзген емес. Бірақ Айгүл секілді ғылым жолына түсіп, шәкірт тәрбиелеген жоқ. Оны мойындау керек. Сонау 90 жылдардан бері сахнада жүрміз, бір де бір атақ алған емеспіз. Қиын заманда да өнерден кетпей, ыстық-суығына төздік. Ауылдарды аралап, концерт өткіздік. Оны халық бағалап жатыр. Бізге “Халық әртісін” тыңдарман беріп қойған. Бір жапырақ қағаздың жанында халықтың берген марапаты құнды. Атақсыз қалдым деп ешкімге өкпелемейміз. Жаңа әндер жазып, концерт береміз”, – деді Ақбота Керімбекова.
Желі қолданушысы атақ алуға лайық әншілердің бірі Саят Медеуов деп өнер иесін тегтеп кеткен. Алайда эстрада жұлдызы “Халық әртісі” атағына лайықсызбын деп ат-тонын ала қашты.
“Кімнің қандай атақ алғанында шаруам жоқ. Қанша жыл сахнада жүрсем де, “Халық әртісі” атағына әлі күнге дейін лайықсызбын. Менің алдымда қаншама мықтылар бар?! Әбиірбек Тінәлиев ағамыз алуы керек еді. “Желтоқсан желі” әнімен қазақтың мұңын жоқтады. Нұрлан Өнербаев ағамыз алса да қуанатын едік. Лұқпан Жолдасовтың қазақ эстрадасына еңбегі сіңді. Бала күнінен бері сахнадан қол үзбеген Мейрамбек досым алса да лайық еді. Жанар Айжанова, Жеңіс Ысқақова, Жеңіс Сейдолллаұлы секілді аға-буын өкілдеріне неге бермейді екен?! Сәкен мен Тоқтар қайда?! Осындай атақ үлестіру кезінде облыстағы өнер өкілдері қалып кетеді. Соларды назардан тыс қалдырмау керек. Өзім атақ туралы ойланбаймын”, – деді Саят.

"Университетте тегін оқып, әлеуметтік көмек ала алады": Грин карта арқылы АҚШ-қа көшіп кеткен қазақстандық жұптар оқиғаларын айтып берді
