Той жасаудың қиындығын түсінген Арман мен Аша әріптестерінен кешірім сұрады (фото)
Кеше Арман мен Аша дүркіретіп той жасады. Оның басты себебі, Асылымның бір жасқа толуы еді. Аталмыш тойға Stan.kz тілшісі де қонақ болып барып, қуаныштарына ортақтасып, сұхбат алды.
– Сәлем, Арман – Аша. Той құтты болсын. Қобалжып жүрген сияқтысыздар?
Аша: – Көп-көп рахмет. Иә, ол рас. Қатты уайымдап жүрміз. Бұл Арман екеуміздің алғашқы тойымыз. Өзіміздің ақшамызға, өзіміздің идеямызға, өзіміздің еңбегімізге жасаудамыз. Қанша түн ұйықтай алмай жүрмін. Бәрінің әдемі әрі үйлесімді болғанын қаладым. Әсіресе, қазір сәнге айналған мынау фотоаймақ, тәттілердің аймағы ерекше болғанын қаладым.
– Байқағаным, бүгінгі тақырып –ханшайым сияқты…
Аша: – Иә, дұрыс таптыңыз. Барлық залды алқызыл (розовый) түске әрлендіріп, ханшайымның сарайындай болғанын қаладым. Себебі, Асылым біздің кішкентай үйдің ханшайымы ғой. Тортта ханшайымның сарайы секілді төрт қабаттан жасалған. Оны сәлден кейін көретін боласыздар.
– Ал, бұл кештің асабасы кім болмақ?
Арман: – Оны көп ойланбадық. Той жасауға ниеттенген кезде-ақ өзімнің аттасым, өнердегі ағамыз Арман Дүйсеновке ұсыныс жасадық. Ол кісі де бізді жас деп менсінбей кетпеді. Керісінше, қуана келісіп, бүгін алғашқылардың бірі болып тойымызға келіп отыр.
– Өнердегі барлық әріптестеріңіз жиналатын шығар…
Арман: – Той жасау оңай емес екен. Әсіресе, қонақтардың тізімін жазған кезде Аша екеуміз «ешкімді ұмытып кетпейік» деп қайта-қайта тексере бердік. Жанымызға жақын жандардың бәрін шақырдық деп ойлаймын. Мүмкін, енді уайыммен ұмытып кеткен жандар болса кешірім сұраймыз. Бірақ, бүгін жасы да, үлкені де, қазақ тілдісі де, орыс тілдісі де, әншісі де, дизайнері де, бишісі де, спортшыларымыз да шақырылды.
– Асылымның тұсауын кім кеседі?
Аша: – Қазақ халқы баланың тұсауын кесетін адамға үлкен жауапкершілікпен қараған ғой. Біз де өнердегі үлгі тұтатын жандарға бұл рәсімді ұсынуды жөн көрдік. Асылымның тұсауын Сәкен Майғазиев ағамыз кеседі. Ал, екі қолынан жетектеп жүргізіп, ақ тілегін айтуды Жазира әпкеміз бен Қарақат ханымға ұсындық. Себебі, бұл кісілер тек өнерде емес, өмірде де отбасылық бақыттарын сақтай білген керемет жандар. Асылым да осы аға-әпкелеріміз секілді өнерлі әрі дарынды, біздер де сол кісілер секілді әңгімеміз таусылмаған ғашықтар болып жүре берсек деген ниетті ырымдадық.
– Асылым деген есімді кім қойды?
Аша: – Екеуміз деп айтамыз. Бірде көлікте ән тыңдап келе жатып Асылым деген сөзді естіп қалдық. Бірақ, кім бірінші ұсынғаны есімізде жоқ. Екеуміз әлі күнге дейін таласып жүрміз.
– Арман мырза, қызыңызға арнап ән жазуға ниетті едіңіз. Бүгінгі тойда жаңа туындының да тұсауын кесу ойыңызда жоқ па?
Арман: – Жоқ. Бұл қызымыздың тойы болғандықтан, өнерді араластыруды жөн көрмедік. Оның үстіне, мен әлі ол әнді жазып болмадым. Меніңше, әдемі ән шығу үшін барлық жан дүниең тебіреніп, шабытың келу керек. Әрине, қызыма қарасам шабытым келеді. Бірақ, ерке ханшайымыма сай келетін әнді әлі таппадым. Болашақта міндетті түрде тыңдайсыздар.
– Асылым кімнің қызы?
Аша: – Асылым әкесіне өте ерке. Мені де жақсы көреді. Бірақ, қазір көп уақытын әжесімен өткізгендіктен, ата-әжесінің қызы деп ойлаймыз.
– Жұмыстан келген кезде ерке қызыңыздың реакциясы қандай болады?
Аша: – Біз бір жаққа кететін болсақ, Асылымды басқа бөлмеге алып кетеді. Себебі, ол қазір бәрін біледі. Ал, жұмыстан келген кезде ұрысқандай қабағын түйіп, ымдап сөйлеп қояды. Қылықтары өте тәтті.
– Арман, Асылымға аяғы ауыр кезде Ашаның бойынан қандай өзгерістер байқадыңыз?
Арман: – Кез-келген жүкті әйелдің бойында өзгерістер болады деп ойлаймын. Бір қызық оқиға бар. Аша үнемі «мен толып кеттім. Егер көп тамақ жесем ескертіп отыр» дейтін. Сосын тамақ жеп отырған кезде айтып қалсам жылайтын.
Аша: – Сонда мен саған толық болсам ұнамаймын ба? Неге маған тамақ жеме деп айтасың, деп жылайтын едім. Бірақ, болашақ аналарға айтарым көп тамақ жемеңіздер. Керісінше, көп жүріңіздер. Бұл өздеріңізге өте пайдалы.
P.S.: Дәл осы жерден әдемі сұхбатты үзуге тура келді. Өйткені, Арман мен Ашаның қуанышына ортақтаса келген қонақтарды той иелеріне күтіп алу қажет болды. Бізде ұжым атынан Асылымға зор денсаулық пен бақыт тілейміз.
Еске сала кетейік, күні кеше Арман Қоңырбаев пен Аша Матай тұңғыштары Асылымның 1 жасқа толуына орай дүркіретіп той жасап, бүлдіршіннің тұсауын кестірді.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Жіберіп алмаңыз:
Мейрамбек Бесбаев жазушы Қали Сәрсенбайдың хатына жауап берді
Көзілдірік пен водолазка киген Баян Есентаева той қонақтарын таңғалдырды
Актриса Назгүл Қарабалина “91” тобына ұқсаған гелзбенд құрды (фото)
Қызылордада балабақша күзетшісі хиджаб киген келіншекті «Алтын күзді» тойлауға кіргізбей қойған
Қызылордалық келіншек көп балалы ананың іш киімін ұрлап киіп, балалы болды