Той трансляциясына салық төлеу керек – Қаржы министрі Майғазиев тойы жайлы
Фото: Тікелей эфирден скриншот
Үкімет отырысынан кейін қаржы министрі Мәди Такиевтен онлайн-концерттер мен үйлену тойларының трансляцияларынан түскен табысқа салық төленуі тиіс пе деген сұрақ қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер соңғы уақытта танымал қазақстандық әртістердің өз концерттері мен іс-шараларының тікелей эфирін әлеуметтік желілерде жазылу арқылы сату тәжірибесін еске салды.
"Сәкен Майғазиев пен Қайрат Нұртастың концерттері мен тойлары жазылушыларға сатылып жатыр. Онлайн-концерттер мен тойлардан түскен табысқа салық төлеу керек пе?" деп сұрады тілшілер министрден.
Мәди Такиевтің айтуынша, мұндай табыс кез келген өзге табыс сияқты міндетті түрде декларацияға енгізілуге тиіс.
"Салық төлеу керек. Конституцияда көрсетілгендей, әр азамат салық төлеуге міндетті. Егер қосымша табыс болса, оған да салық салынады. Мысалы, әртіс той өткізеді, адамдар оны TikTok арқылы көреді. Бір жылда түскен барлық табыс 2026 жылдың 31 наурызына дейін декларацияда көрсетілуі керек. Ал 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін 10 пайыз салық төленеді", – деді министр.
Қазақстандық блогердің тойын тікелей эфирден 50 мың адам тегін тамашалады
Еске салайық, бұған дейін әнші Сәкен Майғазиевтің ұлының үйлену тойы тек әлеуметтік желілерде емес, заңгерлер арасында да қызу талқыланған еді. Тойдың ерекшелігі ұйымдастырушылар онлайн-трансляция жасаған, бірақ оны көру үшін ақы төлеу қажет болған. Бұл шешім әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды: біреулер мұны қызықты эксперимент деп бағаласа, енді біреулер орынсыз коммерция деп санады. Кейін желі қолданушылары эфирден қанша табыс түсуі мүмкін екенін есептей бастады. Болжам әртүрлі болды: біреулер шамамен 150 миллион теңге десе, енді біреулер жеті миллион теңгеге жуық сома атады.

"Металлургияға 50 балмен түсуге болады": Биыл қазақстандық талапкерлер қанша балмен грант иесі атанды
