Бұрынғы төтенше жағдайлар министрінің баласы "ҚазМұнайГаз" фирмасын басқарды
Төтенше жағдайлар министрлігінің бұрынғы басшысы Юрий Ильиннің ұлы Игорь Ильин "KMG PetroChem" ЖШС басқармасының басшылығына тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: t.me/kmgpress
“Игорь Ильин "KMG PetroChem" ЖШС ("ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) басқарма төрағасы болып тағайындалды. Жаңа басшыны компания ұжымына "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дастан Абдулғафаров таныстырды”, – деп жазды “ҚазМұнайГаз" ҰҚ АҚ.
Бұған дейін Игорь Ильин "KarabatanUtility Solutions" ЖШС басқарма төрағасы қызметін атқарған. Сондай-ақ ол "ОАЭК" АҚ, "Самұрық-Энерго" АҚ, "Қазақ мұнай және газ институты" ЖШС ғылыми-зерттеу орталығында басшылық қызметтерде болды.
Игорь Ильин 2012 жылы тағылымдамадан кейін еңбек жолын Worley Parsons компаниясында бастаған. Қазақ-Британ техникалық университетін "Автоматизация және басқару" мамандығы бойынша тәмамдады.
Экс-министр Юрий Ильин 2020 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы маусымға дейін Төтенше жағдайлар министрі қызметінде болды. Семей орманындағы алапат өрттен кейін Ильин қызметінен босатылды.