Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төсектер картон қағаздан, ал матрас пластиктен жасалыпты": Қазақстандық спортшылар Токиода қалай тұрып жатыр

Токиодағы төртжылдықтың басты додасының басталуына 10 күн қалғанда спортшылар мен әр елдің делегациясы орналасатын Олимпиада қалашығының ресми ашылуы салтанатты түрде өтті. Жапониядағы карантин шараларының күшейтілуіне байланысты іс-шараға аз адам қатысты. Stan.kz тілшісі Токиодағы Олимпиада қалашығына саяхат жасады.

Әдетте алғаш келген спортшылар мен делегация өкілдеріне Олимпиада қалашығының ашылуын салтанатты түрде ұйымдастыру дәстүрге айналған. Алайда бұл жолы әлемдегі коронавирус ахуалына байланысты ұйымдастырушылар үлкен іс-шара өткізуден бас тартыпты.

Олимпиада қалашының ашылуы болған соң Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах ұйымдастырушы комитеттің басшысы Сэйко Хасимотомен кездесіп, Жапонияның байрақты бәсекеге дайындығын жоғары бағалады. 

"Бәріміз бір қайықта отырып бір бағытта жүзіп келеміз. Өйткені біздің ортақ мақсатымыз бар. Ол – Олимпиада ойындарын ешкімге қауіп төндірмей өткізу", -деп атап өтті Томас Бах.

Қалашықта бірнеше асхана бар. Спортшылар өзін бабында ұстау үшін фитнес-орталықтары ашылған. Тыйым салынған препараттарды анықтауға арналған допинг-тексеріс пункті бар. Сондай-ақ коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР-тест тапсыратын орын мен инфекциялық стационар да орналасқан. Олимпиада ойындары тамыз айының 9 аяқталады. Жапония билігі жарыс аяқталған соң барлық қатысушыға елде қалуға екі тәулік уақыт берген. Демек, спортшылар Жапония шекарасынан 11 тамызға дейін шығу қажет.



Олимпиадаға аттанған алғашқы лектің қатарында боксшылар бар. Команда бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев спортшылардың қалай орналасқанын айтып, олимпиада ауылындағы ережелер мен шектеулерге тоқталды.

"Токиода коронавирус инфекциясына байланысты көптеген шектеу енгізілген. Арнайы ережелерді бұзбау керек. Вирустың болмауын қатал қадағалауда.  Олимпиада қалашығында бар жағдай жасалған. Тамақтары да жақсы, барша әлем халықтарына арналған тағамдар бар. Біздің бірінші жаттығуымыз далада өтеді. Климатқа бейімделуді бастаймыз. Ал ертеңнен бастап залда жаттығу кестесін берді. Залда жаттығудың да өзіндік ережесі бар. Үлкен жаттығу залы бар екен. Оны да көріп шықтық", – дейді Ғалымбек Кенжебаев ҰОК баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Олимпиада қалашығының тарихына тоқталсақ. Іргетасы өткен жылы қаланған. Бірақ күні бүгінге дейін бос тұрды. Олимпиада аяқталған соң тұрғын үйге айналып, Токионың бір ауданы болады. Жалпы Олимпиада қалашығында 3 880 бөлме бар, әрқайсысына сегіз спортшыға дейін сыяды. 

"Жапониядағы Олимпиада қалашығының басқаларынан аса айырмашылығы жоқ. Тек бұл жерде карантинге байланысты тыйымдар мен ережелер көп. Спортшылардың жаттығуына дейін кесте сызылған. 
Бүгінгі таңда Қазақстанның 95 спортшысы мен делегация мүшелері Олимпиада қалашығына орналасуға рұқсат алды", – дейді Қазақстан ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов. 

Ұйымдастырушылар жапон менталитетіне тән экологияға ерекше назар аударған. Олимпиада қалашығында көп нәрсе қайта өңделген материалдардан жасалған. Мысалы, төсектер картон қағаздан, ал матрас пластиктен жасалыпты. Бұл төсектер Токио олимпиадасына қатысатын спортшылар жыныстық қатынасқа түспеуі үшін арнайы жасалған. 

Олимпиада қалашығындағы спортшылардың бөлмелерінде орнатылған төсектер тек бір адамға арналған. Кағаз төсектер 200 келіге дейінгі салмақты көтереді және қозғалыс кенеттен болатын болса, сынып кететін көрінеді. 

Төсектің үстінде секіруге және қатты қозғалуға болмайды. Жиһаз дизайны Халықаралық физикалық олимпиада комитетімен мақұлданған. Төсек арнайы физикалық байланысты болдырмау үшін дайындылыпты. 

Спортшылар жарыс кешендеріне Жапонияның ірі Toyota компаниясы өндірген автономды e-Palette көлігімен барады. Электрлі шаттлдар Олимпиада қалашығының ішінде, жаттығатын орындар мен жарыс кешендеріне арнайы бағыт бойынша жүреді. Бұл спортшылардың өзара кездесуін болдырмай, барынша байланысатын адамдар санын қысқарту мақсатында жасалған. Бөлмелерде, жаттығу залдарында ауа әр 15-20 минут сайын тазарып отырады. 

Фитнес-орталықтарда, жаттығу залдарында вирус жұқтыру қаупін азайту мақсатында жаттығу құрылғыларының арасын әйнектей пластикпен бөлінген. Спортшыларға арналған тамақ мәзіріне міндетті түрде жапонның ұлттық тағамдары мен өнімдері қосылған. 

 

Жарыс басталған соң спортшылар мен делегация мүшелері әр үш күн сайын ПТР-тест тапсырады. Оң нәтиже көрсеткендер Олимпиада қалашығының сыртында орналасқан қонақүйде карантинге жатады. Қазірдің өзінде ұйымдастырушылар тәулігіне 80 000 тест өңдеуге әзірленіп жатыр. 

Талқылау