Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төрт жасар қызды тепкен түрік азаматының әрекеті неліктен бұзақылық ісі бойынша қаралуда – Маман түсіндірді

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Алматы облысындағы сауда орталығында қызды тепкен ер адамның әрекеті неліктен бұзақылық ретінде қаралғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша қазіргі уақытта заңнамада балаларға байланысты дәл осы қылмыс құрамына қатысты бірде-бір бап жоқ.

“Сол үшін мұндай жағдайда адам бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылады. Онда да "кәмелетке толмағанға қатысты жасалған іс-әрекет" ауырлататын біліктілік белгісі жоқ. Осыған байланысты қазіргі уақытта біз Ішкі істер министрлігімен ҚР-ның заңнамасына сәйкес нақты құқық бұзушылыққа қарсы баптарды енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз", – деді Зәкиева.

Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында түрлі салаларға қатысты түзетулер жобасын биылғы күзде ҚР парламентінің қарауына енгізу жоспарлануда.

Сондай-ақ Зәкиева бұзақылық фактісі бойынша түрік азаматына қатысты сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны ҚР аумағынан шығару туралы сот ісі қозғалатынын атап өтті.

Еске салсақ, Алматы облысында шетел азаматының ойын-сауық орталығында өтіп бара жатқан төрт жасар қызды теуіп жібергенін хабарлаған болатынбыз. Себепсіз бүлдіршінді тепкен Түркия азаматы анықталып, ұсталды. Оған бұзақылық бойынша іс қозғалған.

Талқылау