Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төрт көлік пен автобус соғылған: Нұр-Сұлтанда ауыр жол апаты болды

Нұр-Сұлтанда бес көліктің қатысуымен апат болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оқиға 17 қарашада болған. Түске таман KIA Cerato жүргізушісі Қабанбай батыр даңғылымен Рысқұлов көшесіне қарай келе жатқан. Метрополитен полиция басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жүргізуші рульге ие бола алмай, сол бағытта келе жатқан Hyundai Accent-қа соқтығысқан. Осыдан кейін KIA Cerato қарсы жолаққа шығып кетіп, сол жерде тағы үш көлікпен соқтығысқан.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан кадрлар пайда болды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, бес көлік апатқа ұшыраған.

"Соқтығысқан көліктердің арасында 55 жастағы жүргізуші басқарған Iveco Daily автобусы болды, апат кезінде автобуста жолаушылар болмаған. KIA Cerato көлігінің 25 жастағы жүргізушісі жарақат алды. Ол ауруханаға жеткізіліп, тексеруден кейін босатылды. Тергеу жүріп жатыр", - деп хабарлады Нұр-Сұлтан полициясы.



Департамент бір күн ішінде елордада 60 апат болғанын атап өтті. Полиция жүргізушілерден көлік жүргізу кезінде мүмкіндігінше мұқият болуды, жылдамдықты, қауіпсіз қашықтықты және маневр жасау ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда қардың кесірінен бір түнде 39 жол апаты болғаны туралы жазған болатынбыз. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 17 Қараша, 2020 16:14
Талқылау