Төрт баласымен шаруасы болмаған әйел ата- ана құқығынан айырылды
Балаларын далаға тастап кеткен көкшетаулық ана ата-ана құқығынан айырылды. Дүниеге төрт бала әкелген келіншек олардың ешқайсына жөнді тәрбие бере алмаған,-деп жазды 31 арна.
Үйін жын ойнаққа айналдырып, балаларын қараусыз қалдырған. Тіпті олардың бірнеше күн үйде болмағанын да байқамаған әйел енді балаларын мүлдем көрмейді.
Қала көшелерін жағалап, қаңғырып жүрген төрт бала полицейлердің назарына тамыз айында іліккен. Ата-ананың қарауынсыз қалған бүлдіршіндер далада түнеп, бірнеше күн жолдан тапқандарын азық етіпті.
Қамқоршылық және қорғаншылық бөлімінің мамандары төртеудің үшеуін уақытша кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына жіберсе, Анжеликаны ауруханаға табыстапты. Өйткені, ол тым аурушаң еді.
Қарны тойып тамақ ішпегендіктен салмағы бар-жоғы алты келіге жуық болатын. Аурухананың тамағын жеп, 4 айға жуық мамандардың қарауында болған бүлдіршіннің уақыт өте беті бері қарады.
«Бір жарым жастағы баланың салмағы 10 килограмм болуы тиіс. Ал, Анжелика бізге түскен кезде, бар жоғы 5 килограмм 900 грамм болатын. Қазір салмағы 7 килограммға дейін жоғарылады. Денсаулығында еш кінәрат жоқ.
Жасына сай дамып келеді»,-дейді Ақмола облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Виктория Пичкунов.
Мамандардың айтуларынша, балалардың анасы ішімдікке әуес. Балалардың материалдық жағдайына да, оқу үлгерімдеріне де қызығушылық танытпаған көрінеді. Одан қалды, бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Осыларды ескере келе сот әйелді ата-ана құқығынан айыру туралы шешім қабылдады.
«Соттың шешімінен кейін төрт баланың үшеуі балалар үйіне орналастырылды»,-дейді Көкшетау қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жанна Хабибулина.
Ал кішкентай Анжелина болса, келесі апта сәбилер үйіне жіберіледі. Ал, балаларының болашағына мүлдем алаңдамайтын ана оларды іздемеген екен.
Оқи отырыңыз:
Атырауда үшем дүниеге келді (фото)
Көптеген мемлекеттік органның интернет-сайттары уақытылы жаңартылып отырмайды
Атырау қаласы әкімі: қалаға жаңа жылдық шырша орнатпауымызға да болады
Қанат Ислам WBO рейтингінде екінші орынға көтерілді