Төреғали Төреәлінің жары тұрмысқа шыққан кездегі қиындықтар жайлы айтты
Толқын Тұрарбекқызы енесімен қарым-қатынасы, тұрмысқа шыққан кездегі қиындықтар мен салт-дәстүрлер жайлы айтты. Төреғалидің жары оның анасымен қалай тіл табысқанын әңгімелеп берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тұрмысқа шыққанда барлық келіндерге қойылатын талап Толқынды да айналып өтпеген. Орамал тағу, сәлем салу - Толқыннан сұралған бірінші талап.
Төреғалидің жары бірден "мінсіз келін" болып кетпегенін жеткізді. Ол түсіністікпен қараған енесіне ризашылығын білдірді.
"Тұрмысқа шыққан соң, 6 жылға дейін қамырды дұрыс жая алмадым, палауды да дұрыс баса алмадым. Алайда осылар үшін енем маған сөгетін әңгіме айтқан емес.
Керісінше бар білгенін үйретіп, қолдады. Сағымды еш сындырған жоқ", - деп түсіндірді ол.
Ол салт-дәстүрді білмей, ағаттық жіберген күнін еске алды.
"Қонақ күтіп жүргенде ет турап жатқан атамның бір ағасы шақырып: "Келін, келе ғой, ет асатайын", - деді. Еш ойланбастан, ет асап, тірлігіме қайта оралдым. Сонда сәлем салмай кеткен екенмін. Оны кейін жеңгемнің де солай асап, сәлем бергенінен байқадым. Атам күлді де қойды", - деді ол.
Толқын барлық жас келіндер сияқты шалыс басып, ұрыс естіген кездері болғанын жасырмайды.
"Бірақ, соған қазір қуанамын. Маған біраз тәжірибе болды. Соған шыдамдылық танытқан енемнің даналығы деп білемін", - деді ол.
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде белсенді болып жүрген Толқын ене мен келіннің татулығы жайлы ой қозғады.
"Ене мен келін тату болса, келін өзін құрбан етіп емес, жаңа үйде шын өз орнын тапса, күйеудің де көңілі тоқ болары сөзсіз", - деді Төреғалидің жары.
Өз кезегінде Төреғалидің анасы екі қызы болғанына қарамастан, Толқынды өз перзентіндей көргенін ашып айтты.
Айта кетейік, Толқын Тұрарбекқызы – Төреғали Төреәлінің Құдай қосқан жары. Екеуінің үш қыз, екі ұлы өсіп келеді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
