Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төреғали Төреәлі полицияға қарсылық көрсеткені үшін жазалануы керек – заңгер

Алматы полициясы танымал әнші Төреғали Төреәліні есірткіге мас күйде ұстаған болатын. Кейін сот оны көлік жүргізу куәлігінен 7 жылға айырып, 20 тәулікке қамау жөнінде шешім шығарды. Stan.kz тілшісі әншіге тағайындалған айыптың қаншалықты дұрыс екенін заңгерден сұрап білді. 

Айта кетсек, Алматы полициясы әншінің құқық қорғау органдарының талабына бағынбай, қашып кетпек болғанын оның үстіне есірткі тұтынып көлік жүргізгенін айтты. Бұл медициналық сараптама нәтижесінде расталған болатын. Адвокат Альбина Бахтиярқызының айтуынша, сот шешімінде әншінің кейбір құқықбұзушылықтары есепке алынбаған.  

“Оны әкімшілік жауапқа тартты. Бірақ ол жерде тек есірткіге мас күйінде рөлге отырғаны үшін жаза тағайындаған. 
Бірақ оның әрекеттерінде басқа да құқықбұзушылықтар байқалады. Мысалы, мемлекет қызметкерлерін қорлау, лауазымды тұлғалардың берген бұйрығына бағынбау секілді. Дегенмен сот шешімінде олар есепке алынбаған. Әрине, іс материалын толық көрмей айту мүмкін емес. Бірақ желіде таралған видеодан соны байқауға болады”, – дейді адвокат Альбина.

Заңгердің айтуынша, әншіге әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодекстің 608-бабы бойынша ғана (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) жаза тағайындалған. 

“6 хаттама бойынша берілген жазалардың бәрі деп ойлаймын. Өйткені әкімшілік істер бойынша дереу шара қолданылмаса, оның жауапқа тарту мерзімі өтіп кетеді. Егер есірткіні пайдалану жағына келетін болсақ, оны қоғамдық орындарда қолданса, Қылмыстық Кодекстің  296-баптың 1-бөлігі бойынша (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) жазаланады. Сондай-ақ есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау жұмыстарымен айналысса, 160 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады”, – дейді адвокат. 

Сонымен қатар қазіргі таңда әлеуметтік желіде “полиция әншінің видеосын таратып жіберді, полиция қызметкерлері күш көрсетті” деген секілді наразылықтар болып жатыр. Адвокаттың айтуынша, полицияның сот шешімі шықпастан жатып, басында оның түрін ашық көрсетуі заңсыз.

“Адамды кінәлі деп тек қана сот таниды. Оған дейін оны айыптау, жала жабуға болмайды. Сол үшін бетін жауып көрсету керек еді. Төреғали Төреәліні әкімшілік жауапқа тартты. Алайда соттың қаулысы менің ойымша әлі заңды күшіне енген жоқ. Мүмкін аппеляциялық шағым түсіреді. Сол себепті сот заңды күшіне енген соң ғана барып, адамды кінәлі деп тани аламыз. Ал күш көрсетуге келетін болсақ, егер күдікті нұсқаулыққа бағынбаса полиция олай істеуге құқылы”, – дейді Альбина Бахтиярқызы. 

Бұнымен қоса қоғам белсенділері жақында ұсталған "элиталық эскорт" желісінің ұйымдастырушысына қатысты 15 жыл жаза тағайындалуы мүмкін екенін, алайда Төреғали Төреәліге қатысты жаза неғұрлым жеңіл екенін айтқан еді. 

“Жоғарыда айтқандай оның іс-әрекеті толықтай сараланған жоқ деп ойлаймын. Дұрыс баға берілген жоқ. Тиісті жауаптылыққа толық тартылған жоқ. Тек қана әкімшілік баптар бойынша жауапқа тартылды. Алайда оның әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық байқалады. Ал эскортпен айналысқан қыздың ісі мен бұл істі салыстыру дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені әр іске жеке құқықтық баға беріледі. Бір қылмысты екінші қылмыстан қауіптірек, жақсы-жаман деп бөлуге болмайды. Әр құқықбұзушылықты саралаған кезде оның қоғамға деген қауіптілігін, жауапқа тартып жатқан адамның жеке басы секілді ескерілетін мәселелер өте көп”, – дейді Альбина Бахтиярқызы. 

Талқылау