Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Толық күйрегенге дейін шабуылдаймыз": Трамп Иранға жаңа өте жойқын соққы жасайтынын айтып қорқытты

Фото: engage.org.ua

АҚШ президенті Дональд Трамп желідегі парақшасында Иранға қарсы жаңа әрі "өте күшті" соққылар жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ пен Израильдің үздіксіз шабуылдарынан кейін Иран "мыңдаған жыл ішінде алғаш рет жеңіліске ұшыраған". Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Иранға қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Иран "мыңдаған жыл ішінде алғаш рет жеңіліске ұшырап", көршілерінен кешірім сұрауға мәжбүр болған.

Трамп мұндай жағдай АҚШ пен Израильдің "үздіксіз шабуылдарының" нәтижесінде болғанын айтты. Сонымен қатар ол Иранға қарсы жаңа соққылар жасалуы мүмкін екенін ескертті.

"Иранның солақай әрекеттеріне байланысты қазір бұрын соққы жасау нысаны ретінде қарастырылмаған аймақтар мен адамдар топтарын толық жою мүмкіндігі шындап қарастырылып жатыр", – деді Трамп.

Сондай-ақ ол Иран енді "Таяу Шығыстың бұзақысы емес", керісінше "Таяу Шығыстың жеңілгені" екенін мәлімдеді.

"Олар берілгенге дейін немесе одан да ықтималы, толық күйрегенге дейін, ондаған жыл бойы сол күйінде қала береді", – деп жазды Трамп.



Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп қорғаныс өнеркәсібі басшыларымен кездесуден кейін елде қару-жарақ өндірісі айтарлықтай артатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ірі қорғаныс компаниялары "жоғары санаттағы" қару-жарақ өндірісін төрт есе көбейтуге келіскен. Трамп сондай-ақ АҚШ-та орта және жоғары деңгейдегі оқ-дәрілер қоры өте көп екенін айтып, олардың бір бөлігі Иранға қарсы операцияларда және Венесуэлада қолданылғанын атап өтті.

Айым Атамбаева
Сенбі, 07 Наурыз, 2026 20:27