Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Үкіметке Астанада екінші әуежай салуды тапсырды

Фото: Wikimedia Commons

Қаланың көлік-транзит әлеуетін арттыру үшін жаңа әуежай салу мүмкіндігін қарастыру қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әкімдікпен бірге осы мәселені мұқият пысықтап, нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Жуырда біз елімізде толыққанды авиахабтар қалыптастыру мәселесін қарастырдық. Соның ішінде елорда әуежайына қатысты жұмыс та бар. Бірақ Қазақстанда өндірілетін авиа жанармай көлемі жеткіліксіз. Осы жағдай авиахабтарды дамытуға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет авиа жанармай өндірісін арттыру үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бәлкім, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек шығар. Оның артықшылығы да, кемшін тұстары да бар. Үкімет осыған қатысты өз ұстанымын айқындап, нақты шешім қабылдауы қажет", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елордада жол-көлік оқиғаларының көбейгеніне алаңдаушылық білдірді.

"Жалпы, қалада құрылыс өте көп. Көлік саны да аз емес. Бұл жағдай, бір жағынан, тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатыр. Биылғы он бір айда Астанада жол-көлік оқиғасынан 675 бала зардап шеккен, бес бала қаза болған. Жұрт үйлердің арасында жаяу жүргіншілер жолағы, жылдамдықты шектеу белгілері жоқ деп шағым айтады. Мұның қандай себеппен болып жатқанын ешкім білмейді", -деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, ауланы жарықтандыру мәселесі де өзекті. 

"Мен өзім бұл мәселеге баса назар аударып отырмын. Әсіресе, тұрғын-үйлер және білім беру мекемелерінің маңындағы жүк көліктерінің қозғалысын реттеу қажет. Шешілмей жатқан тағы бір мәселе – көлік тұрақтарының жетіспеушілігі. Бұл мәселені ретке келтіретін кез келді. Шетелдің озық тәжірибесін қолдану керек. Мысалы, көпқабатты тұрақтар салуға болады", - деді Мемлекет басшысы.

Рая Мінәп
Сәрсенбі, 24 Желтоқсан, 2025 18:05