Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Саяси тұтқындарды босатса, Тоқаевтың имиджі өседі": Президент жариялаған рақымшылыққа кімдер ілігеді?

Күні кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қылмыскерлерге амнистия жариялады. Президент рақымшылығына жеңіл және аса ауыр емес қылмыскерлер санатындағы қоғамға және мемлекетке қауіп тудырмайтын қылмыскелер ілінетінін ескертті. Stan.kz тілшісі бұл рақымшылыққа кімдер ілінетінін, мұндай шешімнің астарында не тұрғанын сарапшылардан сұрап көрді. 

Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков президенттің бұл шешімін қолдайды. Оның айтуынша, мұндай, қадамдар мемлекеттің мәртебесі биік екенін көрсетеді. 

"Тәуелсіздік алғалы бері рақымшылық бірнеше рет болды. Енді Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да осындай ұсыныс білдіріп отыр. Менің ойымша, бұл - өте дұрыс бастама. Әрбір күшті мемлекет айтулы даталарға байланысты осындай рақымшылық актілерін шығарып отырады. Рақымшылық аса ауыр емес қылмыстарға байланысты жазадан босату түрінде беріледі.  

Жалпы алғанда бұл мемлекеттің қуаттылығын көрсетеді. Рақымшылықтың басты идеясы адамгершілік, гуманизм қағидасынан туады. Яғни мемлекет бір уақыттарда қылмыскерлер қылмысын түсініп, кейін қайта жасамасын деген гуманистік бағытты ұстанады. Одан бөлек түрмедегі адамның санын азаюы немесе халықаралық көрсеткіштерде қылмыс санының төмен болуы да мемлекеттің өркендегенін көрсетеді", - дейді ол.

Нұрлан Дулатбеков мұндай рақымшылықтар қай заманда да керек нәрсе деп ұғады. Пандемия кезінде, нарықтың қыспақ уақытында осындай шешім қабылдауы мемлекеттің басшысының үлкен стратегиялық жоспарларының бірі екенін айтып қалды.

"Меніңше, гумандық тұрғыдан кешіріммен қарағаны дұрыс. Рақымшылық пен кешірімнің арасындағы басты айырмашылық мынау. Кешірім жеке бас тұлғаға беріледі, ал рақымшылық адамдар тобына байланысты қабылданады", - дейді заң ғылымдарының докторы. Бірақ ол рақымшылыққа саяси тұтқындардың ілінуі екіталай деген пікірін білдірді.

"Қандай қылмыстарға қолданылатынын дөп басып айту қиын. Президент сөзіне қарағанда аса ауыр емес қылмыстар ғана босталады. Қалғаны - келешектің әңгімесі", - дейді ол. 

Президент айтқан аса ауыр емес қылмыс қатарына соттталғандардың қай санаты жататыны туралы адвокат Ләззат Ахатовадан сұрап көрдік. 

"Рақымшылыққа педофилдер, кісі өлімі, топтасқан, арнай жоспарланған қылмыс түрлері және экстремизм мен терроризм сынды аса ауыр, 15 жылдан жоғары мерзімге сотталған азаматтар ілінбейді. Осы алғандардан басқа жеңіл және аса ауыр емес қылмыстар рақымшылыққа ілініп, бостандық ала алады. Олар:

- алаяқтық

- бұзақылық

- ұрлық

- жала жабу

- жемқорлық, т.б. осы типтес қылмыс түрлері рақымшылққа іліне алады. Бұл қылмыс мемлекетке аса қауіп төндірмейтін қылмыс түріне жатады. Мысалы, телефон ұрлағаны үшін адамды 4 жылға бас бостандығынан айырған кездерді болған. Тағы бір айта кететіні, рақымшылыққа ілінетін бап түрлері жақын арада нақтыланып шығуы керек. Сол жерде нақты кімнің рақымшылыққа ілінетіні белгілі болды", - дейді. 

Арон АтабекАрон Атабек. Фото: Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро

Рақымшылық жасаудың қандай астары бар, мұндай шешім қабылдауға не түрткі, саяси мәні бар ма деген сұрақпен саясаттанушы Дос Көшіммен сөйлескенімізде: 

"Президенттің рақымшылық жасап тұратыны - барлық елде бар дәстүр. Одан кейін жаңа президент болып келгеннен кейін ол да позитивті шешімдер қабылдап тұруы керек. Өзінің имиджі үшін, халыққа жағымды шешімдер қабылдап тұрады. Қанша уақыт болды рақымшылықты міндетті түрде жариялауы керек болатын", - деп жауап берді ол. 

Дос Көшім рақымшылық дегенге көзқарасы дұрыс еместігін айтады. Оның пікірінше, қылмыскер өз жазасын толық өтеп шығуы керек. Қылмыстың өтеуі жаза екенін кесіп айтты. 

"Менің амнистияға еш уақытта көзқарасым оң болған емес. Адамға лайықты жазасын әділ сот берсе, оны қалайша президент бұзып тастауы керек?! Адам құқығы бәрімізге бірдей. Өз кінәсіне лайық 20 жыл бас бостандығынан айырылса, неге оны президент жазадан құтқарып алуы керек?! Менің түсінігімде амнистия бір ғана жағдайда берілуі керек. Саяси бағыт өзгергенде саяси тұтқындардың босатылуы. Жаңа саяси бағыт келген соң олардың бұрынғы саяси бағытта жазалаған адамдарды амнистия жариялап босата алады. Басқа қылмыстық кодекспен жарияланған азаматтарға, мысылы, жемқорлар, педофилдер, адам өлтіргендерге рақымшылық жасауы дұрыс емес", - дейді Дос Көшім.

Саясаттанушы мұндай рақымшылықтың астарында халыққа гуманист болып көрінгісі келетін ниет жатыр деп топшалайды. Саясаттанушының бір тілегі - осы рақымшылыққа саяси тұтқындар ілінсе екен. 

"Бұл шешімге имидж үшін барды деп ойлаймын. Президент халыққа гуманист адам есебінде көріну керек. Сондықтан олар осындай шешім жариялайды. Арон Атабек, Макс Боқаев сынды тұтқындар жазықсыз отыр, халық саяси көзқарасы үшін ғана отыр деп біледі. Оларға рақымшылық жасаса, Тоқаевтың имиджі екі есе жақсы болар еді. Менің ойымша, Арон Атабекке рақымшылық жасауы керек. Заң бойынша да шарты жазасын өтеуге шағатын уақыты өтіп кетті. Жазасының 3/1 өтеген соң шартты түрде жазасын өтеуге шығуы керек. Арон 18 жылға сотталды, отырғанына 13 жыл болды. Аронды шығарғанның өзінде рақымшылық деп қабылдамас едім. Өйткені көретінін көріп, бүкіл азабын тартты. Саяси көзқарасын сыйлаймын деп шығарса да артық болмас. Ең бірінші халықтың талап етіп отырған адамдарын шығарғаны дұрыс", - деп түйді ойын Дос Көшім. 

Айта кетейік, Макс Боқаев 2016 жылы Атырауда өткен митингтен кейін көп ұзамай бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оған Жер кодексіне түзетулер енгізуге және ауылшаруашылық жерлерін аукциондарға шығаруға қарсы наразылық білдірушілер қатарында болды деген кінә тағылды. Наразылық білдірушілер бұл бастама жерді шетелдіктерге сатуға әкелуі мүмкін деп қауіптенді. Нәтижесінде Боқаевты "митинг өткізу тәртібін бұзды", "алауыздықты қоздырды" және "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп айыптады. Ал Арон Атабек жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны және "Шаңырақ" шағын ауданында полиция қызметкерін өлтіргені үшін 18 жылға сотталды және 2006 жылдан бері темір тордың ар жағында.

Еске салсақ, соңғы рет 2016 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жарияланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жасалған амнистия кезінде бір жарым мыңға жуық адам босатылып, сотталған 20 мыңнан астам адамның жазасы жеңілдетіліп еді.

 

Дайындаған: Жанна Мәлік

STAN.KZ
Жұма, 30 Қазан, 2020 13:54
Талқылау