Тоқаев пен Назарбаев журналист Нұртілеу Иманғалиұлының отбасына көңіл айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлының отбасына жеделхаттар жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тоқаев өзінің жеделхатында Иманғалиұлының тележурналистикада із қалдырғанын атап өтті.
"Ол көптеген жылдар бойы шығармашылық салада жемісті жұмыс істеді және халқымыздың рухани және мәдени байлығын дамытуға үлкен үлес қосты", - деп жазды президент.
Өз кезегінде Назарбаев жеделхатта Иманғалиұлының бүкіл саналы ғұмырын қазақ телевизиясының дамуына арнағанын атап өтті.
"Ол өз ісінің нағыз маманы болды, ол корреспонденттен "Қазақстан" ұлттық телеарнасының басқарма төрағасына дейін өсті. Оның өзекті әлеуметтік мәселелерге арналған авторлық бағдарламалары халықтың жадында мәңгі қалады", - деп жазды Елбасы.
Қазақ телевизиясының ардагері бүгін таңертең 70 жасқа қараған шағында көз жұмды. Ол қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған.
Нұртілеу Иманғалиұлы "Құрдастар", "Жастар дауысы", "Арай", "Жадыңда ма, жолдас", "Айна", "Жас жігер", "Бетпе-бет", "Қолтаңба", "Діңгек", "Көршілер", "Заң сөйлесін", "Nur-Tiley" авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды.