Тоқаев Қазақстандағы ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесін сынға алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялау мәселесін сынға алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Біздің аграрлық саясатымызда сабақтастық болмай отыр. Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді. Мұндай жағдайларда шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлау қиынға түседі. Бірыңғай негізігі бағыт болуы тиіс. Осыған орай, субсидиялау тәсілдерін қайта қарап тұрақтандыру керек”, – деді Тоқаев.
Айтуынша, осы саладағы қылмыстардың көп бөлігі субсиядиялаумен байланысты.
“Келесі мәселе, соңғы бес жылда субсидиялауға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидия талан-таражға салуға байланысты болып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу тәртібін енгізу қажет. Субсидиялау тәртібі толығымен түсінікті әрі ашық болуға тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия қолжетімді болуы қажет. Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп қолданатын технологияның шамамен 90%-ы әбден ескірді, оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн. Үкімет пен “Бәйтерек” холдингі осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет”, – дейді президент.
Бұған қоса, Тоқаев ауыл шаруашылығын ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналдыру керектігін атап өтті.
“Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті елімізді негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету. Мен биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және оларға қатысы бар компанияларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойдым. Жер кодексіне қазақстандық инвесторларды ауыл-аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер ауыл шаруашылық жерлерін толық экономикалық айналымға түсіруге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, осы шешімдердің барлығы агроөнеркәсіп саласына оң ықпал етеді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналады”, – деді мемлекет басшысы.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
