Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев жасанды интеллектінің білім беру саласындағы қаупі туралы айтты

Фото: akorda.kz

Тоқаев жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту жөніндегі кеңесте білім беру саласына жасанды интеллектіні кеңінен енгізу барысында оның қауіп-қатерлерін қаперден шығармауды ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Президент ЖИ-дің қаупі туралы айтып, үкіметке тапсырма берді.

"Ең алдымен, бұл жерде жасанды интеллектіні теріс пиғылда пайдалану секілді этикалық мәселелер сөз болып отыр. Нейрожелі берген жауапқа сеніп, оқушылар сыни пайымдау, іздену және сараптау қабілетінен айырылып қалуы мүмкін. ЖИ білім беру үдерісін жетілдіруге тиіс, бірақ оның іргелі негізін алмастырмауы керек. Сондықтан үкімет академиялық адалдықты қамтамасыз ету бағытында кешенді шаралар қабылдауы қажет", – деді президент.

Қазақстанда Жасанды интеллект университеті құрылмақ

Қазақстанда жасанды интеллект әсерінен 1 миллионнан астам адам жұмыссыз қалуы ықтимал


Сондай-ақ Тоқаев ЖИ-дің дамуы ел арасында жұмыссыздар санынның артуына да ықпал ететітінін айтты.

"Көптеген кәсіп иелерінің жұмысын енді автоматты жүйе атқаратын болады. Мұндай үрдіс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бұл бірқатар мамандықтың ескіруіне, яғни көптеген адамның жұмыссыз қалуына әкеп соқтырады. Бұл – аса өзекті мәселе. Осы жұмысты қазірден бастап қолға алмасақ, мұндай үрдістің әлеуметтік салдары ауыр болады. Жұмыссыздық белең алып, тұрмыс сапасы төмендеп, әлеуметтік теңсіздік күшеюі мүмкін. Мамандарды қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға кең мүмкіндік жасап, күні бұрын әрекет етуге тиіспіз", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның цифрлық стратегиясында ұлт мүддесі басты орында тұруы керек екенін атап өтті.

"Шын мәнінде, негізгі мәселе жасанды интеллект қана емес. Ең бастысы – елдің егемендігі, ұрпақтың болашағы. Үкімет бүгін айтылған ұсыныстың бәрін мұқият қарастырады. Сөз соңында бір мәселені атап өткім келеді. Жасанды интеллект – цифрлық экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан Кеңестің келесі отырысын осы тақырыпқа арнауды ұсынамын", – деді мемлекет басшысы.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, министр қызметіне Жаслан Мәдиев тағайындалғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 01 Қазан, 2025 22:26
Талқылау