Тоқаев азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмауды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер басшыларының "БРИКС Плюс" диалогы отырысында азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмауды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі жаһандық күн тәртібінде айрықша маңызға ие бола бастағанын атап өтті.
“Бүгінде әлемдегі азық-түлік өндіруші төрт ірі елдің үшеуі – БРИКС мүшелері. Ал БРИКС елдерінің ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы ішкі өнімінің жиынтық мөлшері әлемдік көрсеткіштің жартысынан асады. Елдеріміз арасындағы азық-түлік теңгерімсіздігін азайту үшін тиісті шаралар қабылдауымыз қажет. Біз әлемдегі азық-түлік пен тыңайтқыш жеткізу ісіне саясатты араластырмай, оларды кез келген санкциялар мен шектеулер ықпалынан босатуымыз керек”, – деді президент.
Сонымен қатар ол Оңтүстік Африка Республикасы төрағалығы аясындағы "БРИКС және Африка" ұранына сай Қазақстан да БРИКС елдерімен және Африка одағымен көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылатынын мәлімдеді.
“Қазақстан қатысушы мемлекет ретінде БРИКС әлеуетін арттыруға үлес қосқысы келеді. Мен жаһандық қауіпсіздікті, орнықты дамуды және инклюзивтілікті қамтамасыз етуге бағытталған ұжымдық күш-жігерді арттыру қажет екеніне сенімдімін”, – деп қосты мемлекет басшысы.