Тоқаев Арал теңізі бассейінінің су ресурстарын тиімді пайдалануға шақырды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктірмей, аймақтағы климаттық өзгерістердің салдарын еңсеру мүмкін емес деп санайды. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Климаттың қазіргі сын-қатерлері, су және энергетика ресурстарына сұраныстың артуы Арал теңізі бассейінінің су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды талап етуде. Климаттың өзгеруі жөніндегі Халықаралық сарапшылар тобының баяндамасына сәйкес біздің аймақтың температурасы планетаның басқа бөліктеріне қарағанда әлдеқайда жылдам жылып келеді. Климаттың өзгеруі аймағымыздағы судың басты көзі мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың Орталық Азиядағы көлемі соңғы 50 жылда 20, тіпті 30 пайызға кішірейген. Болашақта бұл Сырдария мен Әмудария өзендерінің ағысын бірнеше есе қысқартады. Бұның барлығы аймақтың азық-түлік, энергетика және экология салаларындағы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр. Сондай-ақ шұғыл шара қабылдауды талап етеді", - деді Тоқаев.
Қазақстан президенті Қырғызстанның 2022 жылды тауларды тұрақты дамытудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі бастамасын қолдайтынын атап өтті.
- Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту күн тәртібінде тұрған мәселе – Қасым-Жомарт Тоқаев
- Экспорттың заманауи жолдарын кеңінен пайдалану қажет – Қасым-Жомарт Тоқаев
- Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайын Орталық Азияның "мәдени астанасын" таңдауды ұсынды
"Қазақстан трансшекаралық өзендердің су ресурстарын өзара тиімді пайдалану мақсатымен бірлескен гидроэнергетикалық жобаларды жүзеге асыруға баса мән береді. Осы орайда Қырғызстанда Қамбарата ГЭС-1 құрылысының жобасы талқылануда. Кеше біз, үш президент бұл мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және алдын ала нақты әрі пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Гидроэлектр станциясы Орталық Азия елдерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді", - деп қосты ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар Аралды құтқару халықаралық қоры аясында мемлекеттердің өзара іс-қимылын жандандыруға шақырды.
"Оның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі аймақтық жұмыс тобындағы қырғыз тарапының жұмысын оң бағалаймыз. Аталған Қор аясында қырғыз тарапымен арадағы толыққанды ынтымақтастықтың қайта жаңғыратынына сенім білдіреміз", - деп түйіндеді Тоқаев.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
