Тоқаев Ақтаудағы ұшақ апатын тергеуге қатысты тапсырма берді
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау қаласы маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: akorda.kz
Президент жедел көмек көрсету құрылымдары апат кезінде шұғыл әрі үйлесімді әрекет еткеніне назар аударды.
“Апаттың салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді. Біз бұған жол берген жоқпыз. Адам өмірін сақтап қалдық. Құтқару жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Қажетті ақпараттың барлығы жұртшылыққа уақытылы беріліп тұрды. Яғни оқиға бойынша толыққанды мәлімет бәріне бірдей ұсынылды. Азаматтарымыз алғашқы минуттан бастап зардап шеккендерге көмек қолын созды. Халқымыз жанашырлық, ұйымшылдық және шынайы тілеулестік қасиетін көрсетті”, – деді Тоқаев.
-
Ұшақ апатын жан-жақты зерттеуге бар күш-жігерімізді саламыз: Тоқаев пен Ильхам Әлиев сөйлесті
-
Ұшақ апатынан аман қалған Әзірбайжан азаматы қазақстандық дәрігерлерге алғысын айтты
Президент үкіметке апат салдарын жоюға ерекше атсалысқан азаматтарды мемлекеттік наградаға ұсыну жөнінде тапсырма берді.
Тоқаев үкіметтік комиссия мен бас прокуратураға басқа құзыретті органдармен бірлесіп, ұшақ апатына жан-жақты әрі объективті тергеу жүргізуді тапсырды. Президенттің пікірінше, бұл ретте ақпараттық арандату мен фейкке жол бермеу маңызды.
Сондай-ақ үкіметтік комиссияға зардап шеккен шетел азаматтарына қажетті медициналық және психологиялық тұрғыдан толық көмек беру, қайтыс болған Қазақстан азаматтарының туған-туыстарына айрықша қамқорлық көрсету тапсырылды.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам аман қалды. Euronews, Reuters сияқты әлемдік басылымдарда Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғаны туралы ақпарат жарияланды. Ақпаратты Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөздер растаған. Ал Қазақстандағы ұшақ апатын зерттеу бойынша комиссия төрағасы, вице-премьер Қанат Бозымбаев ұшақ апатының себебіне қатысты ешқандай нұсқаны растап немесе жоққа шығара алмайтынын мәлімдеді.