Тоқаев: Абай айт­қан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың мерейтойына арналған мақаласын жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Егемен Қазақстан" газетіне сілтеме жасап. 

Тоқаев күллі қазақ халқын ұлы ақынның мерейтойымен құттықтап, Абайдың шығармашылық мұрасына тоқталды. Ол біз Абайдың бес дұшпанынан әлі арыла алған жоқпыз деп ашығын айтты.

"Абай рухын ұлықтау шарала­ры жалғасуда. Шетелдегі елшілік­тері­міздің жанынан Абай орталықтары ашыла бас­тады. Ақынның шығар­ма­шылығын жүйелі зерттеу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академия­сы құрылды. Біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идея­сы да оның көзқарасымен үндесіп жат­қаны анық. Келесі жылы Қазақстан Тәуел­сіз­дігі­нің 30 жылдығын атап өтеміз. Бірақ ке­зінде ұлы ойшылды қатты толған­дырған кейбір келеңсіздіктер қоғамда әлі де кездеседі. Өкінішке қарай Абай айт­қан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз", - дейді Тоқаев.

Тоқаев Абайдың тілге тиек еткен жақсы және жаман қасиеттерін тізбекке салып, ақынның ұлылығын дәріптеген.

"Азаматтарымыздың арасында жал­қаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша той­құмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады. Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді", - деп жазды мемлекет басшысы. 

Ол әрбір қазақ Абаймен мақтануы керек екенін айтты. 

"Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абай­мен мақтануға тиіс! Халқымыздың ұлы перзентінің торқалы тойы құтты болсын!" - дейді президент. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың дүниеге келгеніне 175 жыл толды. Елімізде 10 тамыз Абай күні болып жарияланып, мерекелер тізбегіне кірген. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр