Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

9 жасар вундеркинд ЖОО-дан шығып қалды: Ата-анасы оған тым көп қысым жасалғанын айтады

Эйндховен атындағы техникалық университетті тәмамдамақ болған Бельгиядан шыққан тоғыз жасар вундеркинд оқуын тастап кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентті BBC басылымына сілтеме жасап.

Лоран Симонстың ата-анасы желтоқсанның 26-на дейін ұлдарының оқу бітіргенін қалаған. Сонда Лоран университетті 10 жасқа жетпей аяқтаған алғашқы түлек болар еді. 

Бірақ университет басшылығы ата-анасына алда әлі көп емтихандардың болуына байланысты оқуды аяқтау 2020 жылдың ортасына дейін ұзартылатынын хабарлаған. 

Ата-анасы оған келіспей, сабақтан бас тартқан.

Олар үш жылдық курсты 10 айда бітіріп, ұлдарының оныншы туған күніне дейін диплом алуды көздеген.

Александр Симонстың айтуынша, университет басшылығы ұлы туралы айту үшін үнемі БАҚ өкілдеріне сұхбат бергеніне көңілдері толмаған. 

"Балаға қысым жасап отырсыздар, егер бұлай жалғаса берсе ұлымызды психологиялық сараптамадан өткізуге мәжбүр болатынымызды айтты", - деп жауап берді әкесі De Volksrant басылымына берген сұхбатында. 

"Егер бала футбол ойнаса, прессаның қызығушылық танытуын қалыпты нәрсе деп бағалаймыз. Менің ұлымның басқа таланты бар. Неге мен онымен мақтана алмаймын?", - дейді Александр Симонс.

Лоранның инстаграм парақшасында университет әкімшілігі желтоқсанда диплом алады деп жіберген хаттың скриншоты жүктелген. Астына "өтірікшілер" деп жазып қойған.

Университет Лоранның ондай қысқа уақытта оқуын аяқтай алмайтынын, аталған мерзімде пәнді дұрыс меңгеріп, творчестволық қабілеті мен сыни талдауды дамыта алмайды деп хабарлаған. Егер Лоран университетті ерте бітірсе, болашақта академиялық мансабына нұқсан келеді деп түсіндірген.

"Неге бұлай болғанын түсінбеймін"

Бельгияның кішкентай тұрғыны басқа да балалар сияқты бір жылда бірінші сыныпты оқып бітірген. Одан соң таңғажайып басталады: оның құрдастары екінші сыныпқа өткенде, бұл бірден орта мектептің бағдарламасын игеріп алады. Алты жасында жоғары сыныпта оқыған Лоран оны 18 айдың ішінде бітіреді. Одан кейін кішігірім үзіліс алып, академиялық демалысқа кетеді. 

Сегіз жасында балақай Эйндховен атындағы Нидерланд техникалық университетіне оқуға түседі. Оның ойында желтоқсан айында электротехника саласы бойынша бакалавр дәрежесін алу болған. Яғни, әлемдегі ең жас университет түлегі атану керек еді.

Ғылымды меңгеру қалайша жас баланың қолынан келіп жатыр деген сұраққа  Лоран өзі де түсінбейтіндігін айтқан.

Лоранның дипломдық жұмысы миға орнатылатын электр чипі туралы зерттеуге арналған. Чип арқылы мыңдаған нейронды бір уақытта өлшеп әрі тексеруге болады. 

Қазіргі уақытта вундеркинд технология және оның адам ағзасына қалай көмектесетіні туралы қызығып жүр.

Лоран дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Сондықтан болашақта медицина саласында білім алып, ғылым кандидаты дәрежесін алғысы келеді. Сондай-ақ, Лоран  алмастыруға келетін жасанды ағза мүшелерін ойлап табуды да армандайды. Донор транспланттарының орнына қолдануға болатын жасанды жүрек немесе бүйрек жасап шығару туралы ойы бар.

Уақытында байқалған талант

"Менің мақсатым - адамзат баласының өмірін ұзарту, әсіресе атам мен әжемнің", - дейді Лоран.

Баланы тәрбиелеп баққан әрі оның бойындағы талантты алғаш байқаған да атасы мен әжесі еді.

"Олар Лоранның бойынан ерекше дарынды байқап, ол туралы айта берді. Басында біз немерелерін қатты жақсы көргеннен болар деп ойладық. Сол себепті сөздеріне аса мән бермедік", - дейді Лоранстың әкесі. 

Мектеп мұғалімдері де баласының ерекше қабілеті туралы айтқан соң, ата-анасы да ойлана бастаған. Тіпті сарапшылардың өзі баланың дамуына таң қалған. Университет оқытушылары да таңданысын жасыра алмаған.

"Лоранның материалды игеру қабілеті өте мықты, яғни қысқа уақытта өте көп дүниені меңгере алады", - дейді баланың университеттегі бұрынғы тәлімгері профессор Петер Балтус.

Қайталанбас қабілет және қатал тәртіп

Лоранда фотографиялық есте сақтау қабілеті бар және Нобель сыйлығын алған ғалымдармен бірдей интеллект коэффициенті өте жоғары  IQ - 145. Аналитикалық қабілеті де жоғары болып есептелетін вундеркинд әу бастан-ақ нақты ғылымға қызығушылық танытып, тілдерге аса мән бермеген.

Әкесінің айтуынша, Лоран мектепке баруды аса ұнатпайтын. Бала болып жай ғана демалғысы келетін, жағажайда уақытын өткізуді қалайтын.

Университетке түкеннен соң оқуға деген көзқарасы өзгерген және бір жүйеге келген. Лоранның күн тәртібінде атқаратын жұмысы көп еді.

"Дүйсенбі курсқа кіріспе, сейсенбі зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сәрсенбі оқу бар, ал үйде қалғанда сегіз сағат бойы кітап оқиды. Бейсенбі оқытушылармен кездеседі. Жұма емтихан тапсырады. Ал басқа студенттер бұндай дүние үшін 9-12 апта жұмсайды", - дейді Лоранның әкесі.

Балалық шақтың қуанышы

Лоранның бар жағдайын жасау үшін басқа студенттерден сабақты өзі бөлек өтетін. Әкесі Лоран әлі де бала қуанышынан ажырамағанын айтады. 

Бүгінде Лоран өте атақты. Оның инстаграм аккаунтында 35 мың оқырманы мен бақытты балалығын көрсететін суреттері көп. Ол суреттерде төбетімен серуендеп, суда жүзеді, баспасөз қызметкерлеріне сұхбат береді. "Ол достарына телебағдарламаға қатыстым деп көп мақтанбайды", - деді Лоранның әкесі.

STAN.KZ
Жұма, 13 Желтоқсан, 2019 12:00
Талқылау