"Тістің ізі қалып, миы шайқалған": Ақтауда бүлдіршінді қатарластары ұрып-соққан балабақшға қатысты іс қозғалды
Фото: Камила Кабиева/Қыздың денесіндегі соққы іздері
Ақтаудағы балабақшада баланы түскі уақытта басқа балалар оңдырмай сабап тастаған. Баланың анасы жекеменшік балабақшаның қызметкерлері бүлдіршінді жалғыз қалдырып кеткеніне наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдің айтуынша, таңертең ол қызын балабақшаға апарып тастаған, ал кешке оны әжесі алып кетуге барған. Немересінің денесінде жаралар мен көгерген іздерді көрген әжесі бірден баланың ата-анасына қоңырау шалған. Олар полициямен және жедел жәрдеммен бірге келген. Бірден бейнебақылау камерасындағы жазбаларды көрсетуді талап еткен.
“Бейнебақылау камерасынан қызына басқа балалардың тиісіп жатқанын көрдім. Басында тәрбиеші бәрін тыныштандырып шығып кеткен. Балалар жалғыз қалған сәтте, жанындағылар күшейе түсіп, қызды тістеп, ұрып, қолын бұраған”, – дейді қыздың анасы Камила Кабиева.
Оның болжамынша, бұл жағдай 40 минутқа дейін жалғасқан. Сол кезде қызметкерлердің қайда болғанын ешкім білмейді. Баланың көмекке шақырып, айқайлағанына ешкім келмеген.
“Қызымның денесінде жарақаттар, көгерулер, тістеген іздер бар. Сонымен қатар басынан соққы алған. Дәрігерлер мұның салдары ауыр болуы мүмкін деп ескертті. “Миы шайқалған” деген диагноз қойды. Қазір томография нәтижесін күтіп отырмыз. Топтағы балаларды қараусыз қалдырған. Егер оларды 5 минутқа ғана қараусыз қалдырса, кешірер едім. Бірақ 40 минут бойы ересектер болмаған”, – дейді қыздың анасы.
Болған жағдайға қатысты полиция түсініктеме берді.
“Оқиғаға байланысты жеке мектепке дейінгі ұйымға қатысты “Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді полиция.

Қай өңірлер қыста жылусыз қалуы мүмкін: Қазақстанда 10 ЖЭО әлі де "қызыл" аймақта
