Тырнақ астынан кір іздеудің қажеті қанша: Қорғаныс министрлігі Руслан Жақсылықовтың әйелі түскен бейнебаянға пікір білдірді
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың әйелі Эльмира Баққали “Қазақстан” әніне 2015 жылы бейнеклип түсірген. Бейнеклипке әскери техниканың тұтас колоннасы, тікұшақ пен бір топ сарбаз түскен. Видеоға қатысты қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Руслан Жангулин видеоға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан алынған
"Тырнақ астынан “кір” іздеудің қажеті қанша? Қорғаныс министрінің жұбайы қатысқан Ұлттық ұлан туралы түсірілген бейнебаян осыдан 10 жылға таман бұрын түсірілген болатын. Қазір оны желеу қылып, кейбір ақпарат құралдары мен "жазғыштар" клиптің қалай түсірілгені туралы астарынан мысқалдап сыр іздеп, өздерінше пайымдап жатыр. Ешқандай сыр жоқ. Түсіндіре кетейін. Сол кезде бұл Ұлттық ұлан туралы әскери-патриоттық бағытта жасалған алғашқы имидждік клип болатын. Бейнебаяндағы әнді Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің солисі орындады”, – дейді баспасөз хатшысы.
58 жастағы қорғаныс министрі жас әйелі мен кішкентай балаларын көрсетті
Алайда қорғаныс министрлігі, бұл бейнебаянды түсіруге қаражат жұмсалмағанын алға тартты. Руслан Жангулин тырнақ астынан “кір” іздеудің қажеті жоғын айтты.
"Клиптағы әскери техника мен жеке құрамның іс-әрекеті бейнеленген кадрлар жауынгерлік дайындық бойынша жоспарлы сабақтар кезінде түсірілген. Оны жасауға ешқандай мемлекеттік қаржы жұмсалмаған. Демеушілердің көмегі тартылған. Сол уақыттан бері бұл клип ашық жарияланымда тұр. 10 жылға жуық уақыттан кейін бұған осыншама тұрғыда мән берудің қажеті қанша", – дейді олар.
Айта кетейік, 2014 жылы Руслан Жақсылықов Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы қызметіне келді. Ал бейнеклип Эльмира Баққали ансамбль құрамында болған кезде, 2015 жылы жарыққа шыққан. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. "Құрмет" орденінің иегері.
Еске салсақ, бұған дейін қорғаныс министрінің әйелі әскери техника мен сарбаздарды жинап бейнебаян түсіргені туралы жазған едік.