Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тірідей өртеген": Нигерияда 100-ден аса адам қаза тапты, ондағаны із-түcсіз жоғалды

Фото: Amnesty International

Нигерияның Бенуэ штатындағы Йелевата ауылында жантүршігерлік қырғын болды. Amnesty International құқық қорғау ұйымының хабарлауынша, қарулы адамдар ауылға баса-көктеп кіріп, тұрғындарды өлтіріп, үйлерді өртеп жіберген. Көптеген отбасы үй ішінде тірідей жанып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде 100 адам қаза тауып, ондаған адам із-түcсіз жоғалған. Жүздеген адам жараланды.

"Көптеген мәйіттер адам танымастай күйіп кеткен", — деп мәлімдеді құқық қорғаушылар.

Amnesty International ұйымы Нигерияның Бенуэ штатында қарулы шабуылдар саны күрт артқанын мәлімдеді. Ұйым мәліметінше, бұл аймақта қарулы топтар бір жылдан астам уақыттан бері тұрғындарға қарсы қырғын ұйымдастырып келеді.

"Кейбір ауылдарға 10 ретке дейін шабуыл жасалған. Мұндай оқиғалар халықтың жаппай көшуіне алып келіп, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді, өйткені қаза тапқандардың басым бөлігі — фермерлер. Нигерия билігінің зорлық-зомбылықты тоқтатуға шара қолданбауы адамдардың өмірі мен күнкөрісіне орасан зиян келтіріп отыр", — деді ұйым өкілдері.

TRT Global ақпаратына сәйкес, жергілікті полиция шабуылды растағанымен, нақты қанша адамның қаза болғанын айтпады. Қанды оқиғаны кім ұйымдастырғаны әзірге белгісіз. Дегенмен бұл аймақта малшылар мен диқандар арасындағы қақтығыстар жиі орын алады. Себеп — жайылым мен жер, су үшін күрес.

Фермерлер фулани этносының көшпелі малшылары егістіктерге мал жіберіп, өнімді құртатынына шағымданса, малшылар бұл жерлердің 1960-жылдардан бері өздеріне тиесілі екенін алға тартады.

Бұл — Бенуэ штатындағы алғашқы шабуыл емес. Өткен айда дәл осы өңірде 20 адам, ал сәуірде көрші штатта 40-тан астам адам қаза тапқан.

Айнұр Мұхади
Жексенбі, 15 Маусым, 2025 17:00
Талқылау