"Тіпті, өлген әке-шешемнен көмек сұрадым, маған келіп біреу көмектессінші" деп: Алматы облысында қайын ағасы зорламақ болған әйел оқиғаның мән-жайын айтып берді
Қайын ағасы зорламақ болып, ал оның баласы тепкінің астына алған Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жармұхамбет ауылының тұрғыны 35 жастағы Айжан Сырғабаева ауруханада алғаш берген сұхбат берді. "Қайынағам зорламақ болып, ұлымен бірге соққыға жыққанда қайын жұртым да, күйеуім де жедел жәрдем шақырмай қойды" - деген алты баланың анасы күні кеше ауруханадан шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Сөздің шыны керек” бағдарламасына сілтеме жасап.
Ол, қайын ағасына қатысты тағы бір жағаұстатар деректің шетін шығарды. Бірақ полиция бұл кісі күдіктеніп тұрған екі адамды емес, біреуін ғана қамауға алған.
Айжан Сырғабаева тепкінің астында қалғаннан кейін екі күн бойы көмексіз қалдым деп жылады. Оның сөзінше, қыркүйектің 24-інен 25-іне қараған түні үйіне қайын ағасы ішімдік ішіп келіп, өзін зорламақ болған көрінеді. Ұрысып, қуып шыққаннан кейін ол қайта келіп, терезелерді шаға бастағанда бір аулада тұратын басқа қайны ағамның үйінен көмек сұрауға жүгірдім дейді.
Алайда алдымен қайны ағасының ұлы тепкілеп, өзі шашынан сүйреп соққыға жығылған.
“Арғы үйге барып, әкең терезені сындырды деп айттым. Қайта үйге айналып келсем баласы Бекжан мені тепкінің астына алды. Екі рет тепкенде жерге домалап жатып қалдым. Ешкімнен көмек сұрай алмадым. Тепкінің астына алғанда "мен тіпті, өлген әке-шешемнен көмек сұрадым ғой, маған келіп біреу көмектессінші" деп”, – дейді әйел.
“Шашынан жұлған. Үстінің бәрі көгерген. Қайын ағасы Алмас зорламақшы болған. Қашып құтылып, күйеуінің туыстарынан көмек сұраған. Есік алдында абысынымен бірге тұрады. Ешқайсысы көмек бермеген. Жай ғана үстінен қарап тұрған. Адамдар соншалықты жауыз бола ма? Әпкеме қайда барасың, кімге айтасың, сен жетімсің. Маржанға айтушы болма”, – дейді жәбірленушінің сіңлісі Маржан Балтабаева.
Айжан Сырғабаеваның жақындарының сөзінше, соққы алған адамға араша түспегені аздай, бүк түсіп жатқан келіншекке жедел-жәрдем де, жақындарын да шақырмай қойған көрінеді.
Тек екі күннен соң балаларға тәттісін ала барған аға-жеңгесі Айжанның ауыр халінің үстінен түскен.
“Менің алып кетіңдер деп жылады. Қалдырсаңдар мені өлтіреді деді. Тепкілеп тастағаны көрініп тұрды. Шекесінің бәрі көгерген”, – дейді ағасы Мирлан Сырғабаев.
Жансақтау бөліміне түскен алты баланың анасына сол түні бірден ота жасалған. Ауыр соққыдан көк бауыры жырылып кеткен әйел үйде ұзақ жатып қалған.
“Іштің жабық жарақаты. Қан кету диагнозымен келіп түскен. 27 қыркүйек күні түнде ота жасалды. Қазіргі таңда жағдайы орташа ауыр”, – дейді дәрігер Айдос Оразбаев.
Айжанның туыстары, анасына араша түскен 13 жасар ұлы да соққы жегенін айтады. Тіпті қайынағасының түсініксіз қылықтарын да күні кеше ауруханадан шыққан әйел адвокатына айтып берген.
“Балалардың бұттарын ашып сүйетін. Мен оны ағама айтқан жоқпын. Енеме “онысы несі” деп айтсам, ол бала жан, баланы жақсы көреді, сүйтіп сүйеді дейтін”, – дейді Айжан Сырғабаева.
Жәбірленушінің адвокаты Айман Омарова тергеуші кейбір детальдарды іске тіркемегенін айтып, Қарасай аудандық прокуратурасына барған.
“Алмас, күйеуінің ағасы балаларға осындай әрекет жасаған. Ол фактілермен де 120 баптың 1-бөлігі бойынша, 121 баптың 4-бөлігімен істерді тіркемеген”, – дейді Айман Омарова.
Айта кетсек, осы жылдың 9 айында 605 қылмыс тіркелген. Оның ішінде полицияға түскені 99 мың болса, оның 62 мыңы арыз жазудан бас тартқан.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
