Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кетті
Тимур Құлыбаев “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кеткенін мәлімдеді. Ол лауазымын босату туралы шешімін палатаның ресми сайтында жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Бүгіннен бастап мен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кету туралы шешім қабылдадым. Съезд делегаттары мен президиум мүшелеріне маған көрсетілген сенім үшін алғыс айтқым келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары қадағалау органын сегіз жыл бойы басқарғаным мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік болды. "Атамекеннің" қатардағы сарапшылардан бастап, облыстық филиал басшыларына дейінгі үлкен ұжымына бірлесе атқарған мазмұнды жұмысы үшін ерекше алғыс айтамын”, – делінген Құлыбаевтың үндеуінде.
Оның өзінше, ұлттық кәсіпкелер палатасы қойылған мақсаттарға қол жеткізе алған.
“Біздің жұмысымыздың басты нәтижесі бизнес пен үкімет арасындағы қалыптасқан сындарлы диалог, қолайлы бизнес-климатты дәйекті қалыптастыру болды. Біз әрқашан бизнес құқығын қорғауға басымдылық бердік. Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен жұмыс жолға қойылған. Барлық өңірлерде Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестер жұмыс істейді. 8 жыл ішінде ҰКП-ға 41 мың өтініш түсіп, олардың 40 пайызы оң шешімін тапқан”, – деп қосты ол.
Бұған қоса ол “Атамекен” алдағы уақытта президенттің алға қойған тапсырмаларына ден қоятынын айтты.
“2022 жылғы 11 қаңтарда мемлекет басшысы өз сөзінде "Атамекен" мен бизнес қауымдастығы үшін басым бағыттарды атады. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу, импортқа тәуелділікті азайту, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, экономикадағы мемлекеттің үлесін азайту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру және т.б. Мемлекет басшысының осы тапсырмалары ҰКП-ның сөзсіз басымдығында болады. Сандық негізде ашықтық, есеп берушілік және тиімді кері байланыс "Атамекен" ҰКП бүкіл жүйесі жұмысының негізгі қағидаттары болатынына сенімдімін. Бірлескен жұмысыңыз үшін тағы да алғысымды білдіремін және отандық кәсіпкерлікті дамыту міндеттерін орындауда табыс тілеймін”, – деп аяқтады сөзін Құлыбаев.
Айта кетсек, Тимур Құлыбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі. Бұған дейін Назарбаевтың күйеу балалары Қайрат Шәріпбаев пен Димаш Досанов “QazaqGaz” және "ҚазТрансОйл" ұлттық компанияларының басқарма төрағалары қызметінен кеткені жайлы айтылған еді.
Мәжіліс депутаты Назарбаевтың күйеу балаларын лауазымдарынан айыру туралы шешімді түсіндірді