"Тікұшақтай үлкен еді": Джей Ло Алматыдағы концерттегі қызық оқиға туралы айтты
Фото: Видеодан скрин
Америкалық әнші Дженнифер Лопес Алматыдағы концерті кезінде болған қызық жағдай туралы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, 10 тамызда өткен концерт барысында сахнада ән айтып тұрған сәтте әнші Дженнифер Лопестің үстіне кенеттен шегіртке секіріп түскен еді. Бұл оқиғаның видеосы бірден әлеуметтік желілерде таралып, қызу талқыға түсті. The Tonight Show Starring Jimmy Fallon бағдарламасында Джей Ло жүргізушімен бірге сол сәттің видеосын қарап, өз әсерін бөлісті.
Әншінің айтуынша, ол алғашында үстіне жәндік қонғанын бірден байқамаған.
"Бірдеңе тигендей болды да, мен "Мүмкін жай ғана ұшып жүрген шыбын шығар" деп ойладым. Өйткені прожектор жарығында ұсақ жәндіктер көп көрінеді ғой. Ал кейін байқасам, ол ұшып кеткен жоқ, менің үстімде өрмелеп жүр екен!" – деді Дженнифер.
Бағдарлама көрермендері әншінің шегірткенің қалай "өрмелегенін" көрсеткен сәтінде күлкіге қарық болды. Лопестің айтуынша, ол сабыр сақтап, әнін тоқтатпауға тырысқан.
"Ол мені кішкентай аяқтарымен қытықтап жатты. Мен "Жарайды, әнді соңына дейін айтып шығайын" деп ойладым. Кейін оны сілкіп тастағанда, жарықта көріп қалдым, ол тіпті тікұшақтай үлкен екен!" – деп әзілдеді Джей Ло.
Бұл ерекше оқиға Алматы тұрғындары мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында кең талқыланып, түрлі мемдер мен пародияларға себеп болды. Көбі әншінің кәсіби шеберлігін ерекше атап өтті.
"Әншінің орнында болсам, айқайлап сахнадан қашып кетер едім. Ал ол сабырмен әнін жалғастырды", – деп жазды желі қолданушылары.
Дженнифер Лопестің өзі мұндай күтпеген жағдайлар концерттердің ажырамас бөлігі екенін айтты.
"Сахнада не боларын ешқашан білмейсің. Ең бастысы, әніңді соңына дейін орындап, көрерменге шоу сыйлау", – деді ол.
Қазақстандықтар ресейлік әнші Полина Гагаринаның концерттерін өткізуге қарсы петиция жариялады
Джей Ло Instagram желісінде қазақстандық скрипкашының каверін бөлісті (видео)
Еске салайық, бұған дейін Дженнифер Лопестің Алматыда өтетін сахнаның дәл алдында орналасқан VIP-аймақтағы орындар 180 мың теңгеге сатылғанын жаздық. Сахнаға жақын орындарға билет арзанырақ – 160 мың теңге. 120 мың теңгеге Fan zone мен сахнаның екі жағындағы орындар болды. Dance floor секторына билет 90 мың теңге тұрады. Сахнадан алыс орналасқан секторлардағы орындар құны 40 мың мен 80 мың теңге аралығында сатылды.

"Ересек ұлының көзінше іш киіммен жүреді": "Мамасының баласына" тұрмысқа шыққан келіншектер жаға ұстарлық оқиғаларын айтып берді
