"Келісі 11 мың теңге ": Қазақстандықтар дубай шоколадынан соң, жаппай жапон жүзімін алуға көшкен
Дубай шоколадынан кейін желіде жаңа тренд пайда болып, көпшілік жапон жүзімі “Шайн мускатты” талап алып жатыр. Осы жағдайдан соң импорт бағасы да аспандап кеткен. Мамандар бұл жемістің ерекшілігі қандай және жасанды жүзімнің зияны жоқ па деген сауалдарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Деректерге сүйенсек, қазақстандықтар алып жатқан жемісті ең алғаш жапон фермерлері ойлап тапқан. Бұл мускаттың екі түрін будандастырудан өсірілген өнім. Қазір жүзімді Оңтүстік Корея мен Қытай да өндіреді. Қазақстан нарығына көбіне іргедегі көршіміз Қытайдан келеді.
Трендтен қалмай сатып алғандар көлемі үлкен, дәні жоқ жүзім тәтті дәмімен ерекшеленетінін айтады. Алайда шайн мускаттың құрамында химиялық заттардың көп екені де айтылып жатыр.
“Зиянды заттар көп. Бізді қытайлар улап жатыр деген менің ойымша ол өтірік нәрсе. Қатты зияны жоқ деп ойлаймын. Кәдімгі жүзім”, “Алып көрген жоқпын. Қымбат деп ойлаймын. Дубай шоколоды да, шайн мускат та қымбат. Трендтен қалмаймын деп олай жасамайтын едім”, – деді жұртшылық.
Жүзімнің бағасы 6 мыңнан бастап 11 мың теңгенің арасында сатылуда. Ал трендке айналмай тұрғанда келісі небәрі 2500 теңге ғана болған екен.
“Осыдан 3-4 күн бұрын бұл жүзімнің бір жәшігі 4 мың теңге болған. Одан 3 келі шығады. 3-4 күннен бері хит болып кетті. Бір жәшігінің өзі 15 мың теңге болып кетті. Шетел де қымбаттатқан, содан қымбат болып тұр екен "Алтын орда" базарында. Ол жақ баға көтерсе біз де көтереміз, түсірсе түсіреміз”, – деді кәсіпкер Жазира Рахметова.
Ал маркетолог Әлібек Мәртеновтың пікірінше, импорт жүзімнің айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Тек жүзімге сұраныстың күрт артуына ТикТок желісі ықпал еткен.
“Маркетологтардың жұмысының нәтижесінде жүзім бүгінгі күннің трендіне айналды. Сұрныс жемістің дәмі ерекше болғандықтан артып отырған жоқ. Бар-жоғы Тик-токта жүзім туралы видеолар көп қаралым жинап, өнімнің танымалдылығы артқан. Мәселе осында ғана”, – деді ол.
Ал мамандар трендке айналған “Шайн мускаттың” құрамындағы мөлшерден тыс химиялық заттардың денсаулыққа өте зиян екенін айтуда.
Еске салсақ, бұған дейін желіде дубай шоколады трендке айналып, әлем бойынша минутына 100 данасы сатылған еді.