TikTok-та қазақ тілі мен ұлт мәдениеті туралы контент дайындағандар жыл үздігі атанды

2025 жыл TikTok үшін жаңалықтарға толы кезең болды: шабытқа толы оқиғалар, шағын бизнес пен қолданушылардың сүйіктісіне айналған талантты креаторлар, қазақ мәдениетінің байлығы мен елдің таусылмас шығармашылық әлеуетін жаңа қырынан көрсеткен контент – осының бәрі платформаның биылғы келбетін айқындады. Қысқа бейнероликтер жасау мен көру бойынша жетекші платформа дәстүрлі жылдық қорытындысын ұсынады.
Өткен жыл TikTok Қазақстан үшін жарқын шығармашылықтың, серпінді өсудің және миллиондаған қолданушыларды біріктірген жаңа форматтардың кезеңіне айналды. 2025 жылы қазақстандықтар #Наурыз2025 және #нетамашалаймыз сынды трендтік хэштегтерімен белсенді контент жасап, Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys сияқты әлем жұлдыздарының концерттерінен түсірген бейнелерін бөлісті, сондай-ақ ел футболшыларының Чемпиондар лигасындағы жетістіктерін қызығушылықпен бақылап отырды.
Биыл Қазақстан TikTok-та нағыз трендсеттерге айналды. Индонезия мен Кореядан бастап Мексика мен АҚШ-қа дейінгі түрлі ел қолданушылары Қазақстанға арналған жеке тренд қалыптастырды. Шетелдік креаторлар қазақстандық мәдениетке ерекше қызығушылық танытып, "I’m not Kazakh, but…" тренді аясында қазақстандық әртістердің әндерін орындады. Қатысушылардың музыкалық таңдауы да әр алуан болды: Қайрат Нұртас пен Садраддиннің хит әндері, Қайрат Баекенов пен "Формат" тобының композициялары, сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің күрделі вокалдық партиялары. Кейбір бейнелер ұлттық аспаптармен орындалатын халық әуендеріне түсіріліп, флешмобқа ерекше ұлттық реңк берді.
Қауымдастық таңдауы: 2025 жылдың ең жарқын креаторлары
Қолданушылар платформаның ең белсенді және ерекше авторларын анықтаған #ҚауымдастықТаңдауы2025 байқауы – TikTok-тағы биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі болды. 21 қараша мен 5 желтоқсан аралығында пайдаланушылар жеті санат бойынша өздеріне ұнайтын креаторларға дауыс берді. Бұл байқау TikTok жергілікті қауымдастығының сан алуандығы мен шығармашылық жетілгендігін көрсетті.
Төменде байқаудың әр номинациясы бойынша жеңімпаздары ұсынылған. Олар жергілікті қауымдастықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, оның айқын дауысына айналған авторлар.

Ең үздік ойын-сауық контентінің авторы
Нұрбек Қасымбеков @daulenuly – қазақ тілінде киноларға шолу жасап, премьералар туралы ақпарат және көруге лайық фильмдер бойынша кеңестер беріп отырды. Оның қысқа әрі мазмұнды роликтері TikTok аудиториясы үшін кино әлемін қолжетімді әрі қызықты етті.
Ең үздік спорттық креатор
Темірлан Орынбаев @temirlan_erzhanovich – спорт жаңалықтары, матчтар мен жергілікті командалардың дамуын талқылап, елдегі футбол тақырыбындағы танымал тұлғалардың біріне айналды.
Ең үздік танымдық контент авторы
Алтынай Утегенова @altynai_qazaq_tili – қазақ тілін үйренуге арналған танымдық контентпен бөлісіп, лексика мен ережелерді түсіндіріп, көрермендердің білімін кеңейтуге және мәдени мәнмәтінге тереңірек бойлауына көмектесті.
Ең үздік аспаздық креатор
Найля Павловская @nyakushkaa – қарапайым әрі дәмді үй рецептерімен бөлісіп, көрермендерді аспаздық тәжірибелерге шабыттандырды.
Ең үздік саяхат контентінің авторы
Жұлдыз Рахмет @zhuldyz_rakhmet – тревел-журналист, платформа қолданушылары үшін Қазақстанның көрікті жерлерін таныстыратын виртуалды гидке айналды. Автор осы номинацияда екінші жыл қатарынан жеңіске жетті, бұл оның ел ішіндегі сапарларының аудитория үшін өзекті әрі қызықты екенін дәлелдейді.
Ең үздік мәдениет контентінің авторы
Ұлт қазынасы жобасы @ult_kazynasy аккаунтының авторлары – Нариман Қарабалин, Бисұлтан Өмірбаев, Бауыржан Тілеуханов және Әділ Имантаев өңірлердің мәдени және тілдік ерекшеліктерін көрсетіп, Қазақстан тарихына арналған бейнелер жасайды.
Ең үздік шағын бизнес аккаунты
@doner_na_satpayeva_ – Алматыдағы танымал жергілікті донер бейнелерінде негізгі кейіпкерлер ретінде өз клиенттерін көрсетеді. Аккаунт командасы күлкілі диалогтардан бастап қонақтардың тосын реакцияларына дейінгі қызықты әрі қарқынды роликтер түсіреді. Күлкі, шынайы эмоциялар мен таныс жағдайлар арқасында олардың контенті вирустық сипатқа ие болып, кең аудиторияның ықыласына бөленді.

“Ұлт қазынасы жобасы Қазақстанның ерекшелігі мен мәдениеті, дәстүрі, ел аумағындағы ауқымды шаралар жайлы контен дайындаймыз. Бастапқыда әр аймақты аралап, ішкі туризмді дамытуды мақсат еттік. Сонымен қатар аймақтардағы ерекшеліктерді көрсетеміз. Бұған дейін Көлсайға, Бурабайға, Шарын шатқалына және т.б. жерлерге барлық. Осылай Қазақстанды аралығысы келетін туристердің сапарын жеңілдетеміз, керегін біздің видеодан алады. Аудитория жинап, видеолар көп қаралым жинай бастағаны жоба басталған соң тек жарты жылдан кейін еді. қазір көрермендеріміз көп. Алдағы уақытта еліміздің тыныс-тіршілігін, мәдени мұраны желіде таныта береміз”, – деді Ұлт қазынасы жобасы өкілі Бисұлтан Өмірбаев.
TikTok әсері: платформаның Қазақстан экономикасына ықпалы
TikTok және "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстандағы шағын және орта бизнеске платформаның әсерін бағалауға арналған алғашқы зерттеуді таныстырды. Зерттеу нәтижелері бойынша, TikTok-ты аптасына кемінде бір рет пайдаланатын әрбір сегізінші кәсіпкер кірісінің жартысынан астамын платформаның арқасында қалыптастыратыны анықталды.
Сақтық сценарийі бойынша, 2024 жылы шағын және орта бизнес субъектілері (ШОБ) TikTok арқылы 219 млрд теңге табыс тапқан. Оптимистік болжамда бұл көрсеткіш 438 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. TikTok-тың Қазақстан ЖІӨ-не тікелей қосқан үлесі 0,16–0,32% аралығында бағаланса, жеткізу тізбектері мен жанама әсерлерді ескере отырып, жалпы экономикалық ықпалы ЖІӨ-нің 1,13%-ына дейін жетеді.

Бұл нәтижелер TikTok-тың тек шығармашылық алаң ғана емес, сонымен қатар цифрлық кәсіпкерлікті дамытатын, экономикалық белсенділікті арттыратын маңызды платформа екенін көрсетеді.
"2025жыл шығармашылық пен танымдық контенттің қаншалықты қуатты әсерге ие екенін айқын көрсетті — ол білім таратуда, мәдени мұраны сақтауда және позитивті цифрлық ортаны қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Discover List 2025 тізіміне алғаш рет қазақстандық педагогтың енуі – біз үшін үлкен жетістік, ал үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан Наурыз фестиваліміз платформамыздағы ең ірі мәдени оқиға деңгейіне көтерілді. Алдағы уақытта да қолданушыларға өзін еркін, қауіпсіз және шығармашылық тұрғыда көрсетуге мүмкіндік бере отырып, авторларды қолдауды, цифрлық сауаттылықты арттыру бастамаларын дамытуды және мәдениеттер арасындағы байланысты нығайтуды жалғастыра береміз", – деді TikTok компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша операциялық бөлім басшысы Мелис Чаглар.
Жарыстан екінші орын алсам әкем ұрсып, скакалкамен ұратын — Әсел Қанай каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері