"TikTok-тағы лайктар үшін келіспей қалған": БҚО-да жасөспірім жоғары сынып оқушысын пышақтап тастады
Фото: freepik.com
Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған жасөспірім өзінен жоғары сыныптағы оқушымен сөзге келіп, оған пышақпен шабуылдады. Салдарынан оқушы пышақ жарақатынан ауруханаға түсті. Полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орал қаласына жақын маңдағы мектепте жасөспірімдер арасындағы жанжал пышақ жарақатына ұласты. Оқиға салдарынан бір оқушы пышақталып, ауруханаға жеткізілді.
Қанды оқиға бірнеше сағат бұрын Подстепное ауылындағы мектепте болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, екі оқушы мектептегі дәретхана маңында сөзге келіп қалған. Сол кезде олардың бірі – болжам бойынша 9-сынып оқушысы пышақ алып, жасы үлкен сыныптасын жаралаған.
“Жалпы, бұл жанжалдың басталғанына біраз болды. Білетінім, жанжал жұма күні мектептегі күзгі балда басталған. Балалар тик-токтағы лайктар үшін бірдеңеге келісе алмаған сияқты. Бүгін енді ақырына дейін мәселені шешпек болған. Пышақ әкелген бала толық емес отбасыдан шыққан. Ал жараланған бала жедел жәрдем көлігіне өз аяғымен барған. Қазір мектеп маңында полиция тұр, ешкімді кіргізбей жатыр. Мектеп әкімшілігінің бәрі қазір полицияда”, – деді ауыл тұрғыны.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Орал қаласының маңындағы елдімекенде мектеп оқушылары арасындағы жанжалдың пышақтасуға ұласқаны туралы ақпарат тараған болатын.
"БҚО Теректі ауданының бір мектебінде болған бұзақылық әрекетке байланысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқушылар арасында жеке қарым-қатынас негізінде жанжал туындаған. Қазір осы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүріп жатыр", – делінген хабарламада.
Күдікті ретінде кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
"Оқиғаға қатысы бар жасөспірімдердің заңды өкілдері – ата-аналары балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін жауапқа тартылады. Сонымен қатар материалдар аудандық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданып, осындай құқық бұзушылықтарға себеп болған жағдайларды жою бойынша қосымша шаралар қабылданады", – деді полиция өкілдері.
Бұл оқиғаға Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова да пікір білдірді. Оның айтуынша, жарақат алған оқушыға медициналық көмек көрсетіліп, қазіргі жағдайы тұрақты.
"Оқиға орнына облыстық білім басқармасының мобильді тобы мен құқық қорғау органдарының өкілдері барды. Мектептерде ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық тарапқа психологиялық қолдау көрсетілуде. Мектеп әкімшілігі тарапынан тәрбие жұмысы ерекше бақылауға алынды", – деп жазды ол.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
