"Тергеушілердің анасын түсік жасатуға көндірген": Шымкентте психдиспансерде зорланған қызға қатысты жаңа деректер айтылды
Заңгер Айгүл Орынбек Шымкенттегі жындыханада науқастарды зорлау дерегі бойынша тергеу барысын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленушінің анасы
17 жастағы жәбірленушінің мүддесін қорғайтын адвокаттың айтуынша, іс сотқа жолданып, тергеу жүріп жатыр.
“Іс психиатриялық диспансерде санитар болып жұмыс істеген екі күдіктіге қатысты. Сараптама қорытындысы бойынша қызметкерлердің есі дұрыс және өз әрекеттерін түсінуге қабілетті екені анықталды", – деді заңгер.
Адвокаттың айтуынша, 17 жастағы жәбірленуші тергеушілердің қысымына тап болған.
"Қыз бізге келмей тұрып, тергеушілер анасын түсік жасатуға көндірген. Ақыры жүктілік тоқтатылды", – деді ол.
Адвокаттың айтуынша, қыздың түсік жасатуына байланысты әкесі кім екенін анықтау мүмкін болмаған. Айгүл Орынбек осы арқылы күдіктілер кінәсін дәлелдейтін айғақтардан құтылып кетуі мүмкін дейді.
"Түсік жасатқан соң жәбірленушінің анасына даму сатысындағы ұрықты көрсетті, ол адам кейпіне еніп үлгерген. Тергеуші ең болмағанда ұрықтан талдау үшін шаш үлгісін алуға болар еді", – деді заңгер.
Шымкент соты Қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-1-бөлігінің 1-тармағы (Зорлау) бойынша қылмыстық істі жабық отырыста қарап жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында психикалық орталықтың қызметкерлері науқас қызды зорлады деген күдікке ілінгенін жаздық. Екі науқас қыздың аналары орталық қызметкерлерінің қыздарды зорлағанын айтып, полицияға шағымданған. Бір ана қызының орталықта емделіп шығуын күткенін, бірақ жүкті болып келгенін айтқан. Оның айтуынша, қызын камера жоқ бөлмелерге апарып, күшті дәрі егіп, зорлаған. Басқа ана да дәл осындай айып таққан.
Науқастардың бірінің жүктілігі жасанды түсікпен аяқталған. Қыздардың аналары полиция арыздарын бастапқыда қабылдамай, кейін тергеу жұмыстарының созылып кеткеніне наразы. Құзырлы органдар "зорлау" бабымен қылмыстық іс қозғалып, сараптама жүргізіліп жатқанын мәлімдеген. Алайда санитарлардың әлі қызметтерінде жүргені қоғам наразылығын туғызған.