Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Терезелерін сындырып, қысым көрсетуде: Жаңаөзенде ереуілге шықпаған жедел-жәрдем қызметкерлері жұмыстан шығуға мәжбүр болған

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмиров Жаңаөзендегі жедел және шұғыл медициналық көмектің жұмыстан кеткен қызметкерлерінің жағдайына қатысты пікір білдірді. Сөзінше жұмыстан кеткендер қызметте жүргендердің де кетуін талап етіп, қысым көрсеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі inaktau.kz порталына сілтеме жасап.

жедел жәрдем

Жалақыны көтеруді талап етіп көтерілген қызметкерлердің  үстінен сотқа шағым түсіріп, бес күннен кейін шеру ресми түрде заңсыз деп танылды. Кейін Жаңаөзен қаласында 11, Мұнайлы ауданында сегіз ереуілші жұмыстан шығарылған. Басқа 30 жұмысшы ынтымақтаса еріктерімен қызметтен кеткен. Енді облыстық денсаулық сақтау басқармасы ереуілге қолдау көрсетпеген жұмысшыларға шабуыл жасалды деп отыр.

“Фельдшерлердің бірін ауысымы біткен соң қызметтен кеткен әріптестері соққыға жыққан. Бұл оқиға Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем бөліміндегі фельдшердің демалыс бөлмесінде орын алған. Қызметкер екі жақтағы самай аймағының жұмсақ тіндерінің контузиясы, кеуде қуысының көгеруі диагнозымен Жаңаөзен қалалық ауруханасының травматология бөліміне түсті.

Кейбір қызметкерлер қызметте қалып, ереуілге шықпаған жандардың үйлеріне барып, терезелерін сындырып, сес көрсеткен. Осындай қысымнан кейін мамандар өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазуға мәжбүр болды", – деді Аманбек Жұмыров.



Айтуынша, бұрынғы әріптестері еңбек демалысында және денсаулығына байланысты демалысыта жүрген қызметкерлердің де мазасын алып, жұмыстан шығуға үгіттеген.

"Өзінің жалған принциптерін қала тұрғындарының өмірінен жоғары қойған арандатушылар мен бұзақылар қысым көрсетіп отырған әріптестерімізді қорғаусыз қалдырмаймыз. Бұл әрекетті жасап жүргендерге тоқтатыңыздар дегім келеді. Біз сіздердің барлық талаптарыңызды орындау мүмкін еместігін, биылғы жылы сыйақы төлеп жатқанымызды, жағдай мен жалақыны жақсарту бағытында жұмысты жалғастыратынымызды айттық. Бұның уақытты қажет ететін процесс екенін де бірнеше рет түсіндірдік”, – деп қосты басшы.

Аманбек Жұмыров жалақыға көңіл толмауына байланысты жұмыс орнынан кетуге шешім қабылдағандарға өз мiндеттерiн ұмытпай, адамдарға көмектесуiн жалғастырған қызметкерлерге қысым көрсетуін тоқтатуын сұрады.

“Бұл әрекет ҚР-ның заңнамасына да, адами заңдарға да қайшы келеді. Бұл жедел медициналық көмекке мұқтаж Жаңаөзен тұрғындарына жасалған қылмыс деп есептеймін. Елестетіп көріңізші,  сіздің әрекетіңіз үшін отбасыңыздың мүшесіне жедел жәрдем келмейқалса. Біздің міндетіміз адамдарға көмектесу, өйткені әлемде адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Осыны есте сақтаңыздар!"  –  деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Еске салсақ, Ақтау, Жаңаөзен, Мұнайлыда жедел жәрдем қызметкерлері ереуілге шыққан болатын.

Талқылау