Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күндіз-түні жұмыс істеп, алатынымыз 109 мың теңге": Нұр-Сұлтанда көше сыпырушылар жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты

Нұр-Сұлтанда “Астана тазалық” қызметкерлері ереуілге шығып, жалақыны көтеруді талап етті. Сөздерінше, айналдырған 109 мың теңге еңбекақының өзін қысқартып, ай соңында азық-түлікке ақша жетпей қалады екен. Кейбірі жалақы аз болғандықтан баласын мектеп дайындай алмай отырғанын айтып ашынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty арнасына сілтеме жасап. 

жұмысшылар

"Астана тазалықтың” 300-ге жуық қызметкері жұмысқа шығудан бас тартқан. Олардың айтуларынша, жалақы себепсіз азайып, істеген сағаты қиылып қалады екен. Жұмысшылар "жалақыны көтер" десе, басшылық "компания қарызға белшесінен батқан" дейтін көрінеді. Оның үстіне тырнақ астынан кір іздеп, 5 минут демалуға отыра қалса, фотоға түсіріп, айыппұл салатыны тағы бар.

"Біз түнгі сағат 03:ОО-де тұрамыз. Түстен кейінгі сағат 16:00-ге дейін далада жүреміз. Қанша сағат, өзіңіз есептеп көріңіз. Сондағы біздің алатын айлығымыз 109 мың теңге. Осыны айтсам, жұмысшылар айтқандай "менің соңыма түссе, түсіп алсын", мына директордың орынбасары "ақша жоқ" деп маған дауыс көтеріп сөйлейді", – деді "Астана тазалық" ЖШС қызметкері Нұғымар Құмар.

Наразылыққа шыққандардың дені – елуден асқан ел ағалары мен аналар. Көпшілігінің көздері қызарып кеткен. Олардың айтуынша, ұйқы мүлдем қанбайды. Соның кесірінен қан қысымы жиі көтерілетін болған.

"Медицина, полиция  қызметкерлері алады. Біз адам емеспіз бе? Біз де күндіз-түні жұмыс істейміз. Қан қысымы көтеріліп, 3-4 адам көз жұмды. Біз түнде ұйықтай алмаймыз. Қыстың күні ұйқы жоқ. 24- 25 сағат. Үйге барып, 3-4 сағат ұйықтаймыз дегенше жұмысқа қайта келу керек болады", – деді "Астана тазалық" ЖШС қызметкері Кенжебек Сағындықов.

Наразылыққа арнайы келген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов "Астана тазалықтың" қарызы барын мойындады. Аталған компанияның 840 миллион теңге берешегі бар екен. Енді әкімдік 2,5 миллиард теңге бөліп, бұл мәселені шешуді көздейді. Ал жұмысшылардың жалақысы қараша айынан бастап көтерілетінін мәлімдеді.

"Бұл мекеме ақшаны аудан арқылы алады. Есіл, Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы ауданы. Қазір жұмысты бастап кетеміз де, қазанда қабылдап, ақшаны кәсіпорынға бөлеміз. Сондықтан қарашадан бастап,  жоспар бойынша жалақыны көтерейік", – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов.

Таңғы сегізде басталған наразылық күндізгі сағат 12:00-ге дейін жалғасты. Жалақымен қоса "Астана тазалық" қызметкерлері басшының орынбасарын ауыстыруды талап етті. Әкімдік өкілі бұл мәселені де қарастыратынын мәлімдеді. 

Талқылау