Терезеден басын шығару, көліктің артына міну: 13 наурыздан бастап жол ережесіне қандай өзгерістер енбек
Әкімшілік кодекске енгізілген түзетулер 13 наурыздан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жол ережесін бұзғаны үшін кейбір айыппұлдар көбейсе, кейбірі, керісінше, жаза жеңілдетіледі. Әкімшілік кодексте жаңа баптар да қосылмақ. Мысалы көліктің салонынан тыс, терезеден бас шығарып, сыртында тұрғандарға жаза беріледі.
Терезеден басын шығарып, көлік жүргізіп жатқанда есікті ашу немесе жүк көлігінің артына мінгені үшін шамамен 40 мың теңге төлеуге тура келеді. Оның үстіне жүргізушілердің де, жолаушылардың өздері де жазаланады.
Енді мүмкіндігі шектеулі жүргізушілерге қарсы жолаққа шығып кеткені үшін де айыппұл салынады. Бұрын мұндай жауапкершілік болмаған еді.
Темір жол өткелінен өту ережесін бұзғаны үшін айыппұл екі есе, ал жедел жәрдем мен полиция көлігіне жол бермегені үшін үш есе көбейтіледі.
Жолдың қарсы бетіне шығып, жол-көлік оқиғасын жасағандар жүргізуші куәлігінен 9 айға айырылады.
Теміржол өткелінен өту ережесін бұзғаны үшін айыппұл екі есе – 10-нан 20 АЕК-ке дейін өседі, 78 700 теңге болады. Жол-көлік оқиғасы орын алса, жүргізуші 9 айға куәлігінен айырылады.
Жедел жәрдем мен полиция көлігіне жол бермегені үшін айыппұл үш есе дерлік – 7-ден 20 АЕК-ке (78640 теңге) дейін, ал осы ережені қайтадан бұзғаны үшін 15-тен 40 АЕК-ке (157 280 теңге) дейін өседі.
Енді көлігіңіз түтіндеп, әуенді қатты қойып шулатып жүрсеңіз, 40 мың теңгедей айыппұл салады.
Адам шығыны жоқ жол апаты үшін жаза, керісінше, жеңілдетіледі. Жүргізушілерді 6 айға куәлігінен айырудың орнына енді 78 мың теңгеге дейін айыппұл күтіп тұр.
Тұрақ үшін ақша төлемегені үшін айыппұл да 4 мың теңгеге дейін төмендейді. Қазір мұндай құқықбұзушылық үшін 3 АЕК 11 мыңнан астам ақша төлеуге тура келеді.