Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теренс Кроуфорд Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек үшін 100 миллион доллар сұрады

Фото: Getty Images

Америкалық боксшы, екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы Теренс Кроуфордтың командасы оның рингке қайта оралуына қойылатын басты талапты атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sports.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Кроуфорд 13 қыркүйекте екі салмақ жоғары көтеріліп, мексикалық Сауль "Канело" Альваресті төрешілердің шешімімен жеңген болатын. Осы жеңістің арқасында америкалық спортшы үш түрлі дивизионда чемпион атанып, тарихи жетістікке жетті.

Алайда бапкер Берни Дэвистің айтуынша, 37 жастағы Кроуфорд мансабын жалғастыруға аса құлшыныс танытпайды. Ол тек аса ірі қаржылық ұсыныс түскен жағдайда ғана рингке қайта шығуға дайын.

"Менің ойымша, Кроуфорд барын дәлелдеді. Егер оған 100 миллион доллар ұсынбаса, ол орта салмаққа түсіп, Жәнібек Әлімханұлы сияқты боксшылармен айқасуға бармайды. Барлық ауыр жұмысты солардың өздері істесін", — деді Дэвис.

Маманның пікірінше, орта салмақтағы чемпиондар — Карлос Адамес, Жәнібек Әлімханұлы және Эрисланди Лара — алдымен өзара кездесіп, абсолютті чемпионды анықтауы керек. Тек содан кейін ғана Кроуфорд олардың жеңімпазымен айқасуға келісуі мүмкін.

"Барлық белбеулер бір қолға топтасса, біз сол чемпионмен жекпе-жек өткіземіз. Әйтпесе Кроуфордтың қайта рингке шығуы екіталай. Тек 100 миллион долларлық ұсыныс пен үлкен шоу ғана оны қызықтыра алады", — деп түйіндеді бапкер.

Абылайхан Палмағанбет
Сейсенбі, 07 Қазан, 2025 12:20
Талқылау