"Тереңнен тамыр тартатын туыс халықтар": Тоқаев Мажарстан премьер-министрімен БАҚ брифингінде сөз сөйледі
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Мажарстанға барып, премьер-министр Виктор Орбанмен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы қазақ пен мажар тереңнен тамыр тартатын туыс халықтар екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, әйгілі Дунай мен көне Алтайдың арасы алшақ болса да, тағдырлас екі мемлекеттің тілегі – ортақ, арманы – бір.
“Отыз жыл бұрын Қазақстан өз елшілігін Мажарстанға жіберді. Бұл еліміздің Орталық Еуропадағы тұңғыш елшілігі болды. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді, арамызда тек достық, жақсы ниет қана бар. Елдеріміздің экономикалық әлеуеті мол, оны толыққанды игеру өте маңызды. Сондықтан бұл сапарымның басты мақсаты – ынтымақтастығымызға жаңа серпін беру”, – деді Тоқаев.
Сөзінше, Мажар елі – Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптесі. Ол бірнеше келіссөздер жүзеге асқанын айтады.
“Премьер-министр былтыр Астанаға жасаған ресми сапарында көптеген уағдаластыққа қол жеткізген едік. Бүгін соны қайта пысықтап, жаңа бағыттар туралы әңгімелестік. Биыл екі елдің стратегиялық әріптестік орнатқанына – 10 жыл. Тиімді саяси диалог жүргізу және ортақ экономикалық жобаларды іске асыру – өте маңызды міндет. Сондай-ақ көпжақты ықпалдастықты нығайта түсу қажет. Осы орайда бүгін Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы санқырлы байланысты күшейту қос халықтың мүддесіне сай келеді”, – деді президент.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев қазақ-мажар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысқаны айтылды.