Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теннің өліміне қатысты сот: Денистің танысы оның қызының бұрынғы жігіті туралы айтты

Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты сот жалғасып жатыр. Сотта BurritoGo мейрамханасының иесі Қайрат Кәкімжанов куәгер ретінде жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі сот залынан.

Денис Тен

Кәкімжановтың сөзінше, 2018 жылдың 19 шілдесінде ол Денис Тенмен кездескен. Олар мейрамхананың алдында кездесіп қалыпты.

«Шамамен сағат 13:00-де мейрамханаға келіп, көлігімді тұраққа қоймақ болдым. Сол кезде Денис шығып бара жатты. Ол жұмыстарымен 1-2 сағатқа кетіп бара жатқанын, артынша қайтып келетінін айтты. Мен мейрамханаға кіріп, телефонымды дыбыссыз режимге қойып, өз шаруаларыммен айналыстым. Нақты есімде емес, бірақ сағат 14:00 шамасында мейрамхананың ортақ иесі Санжар Тілегенов Денистің жарақаттанғанын айтты. Мен оқиға орнына келген кезде Денис ол жерде болған жоқ. Бүкіл жер қан болып жатты. Қызыл киім киген әйел жүрді. Ол телефонмен әлдекімге қоңырау шалды. Денистің өзіме қоңырау шалғанын көрдім. Сөйтсем сол әйел Денистің телефонынан маған хабарласқан екен», – дейді Қайрат Кәкімжанов.

Бизнесменнің сөзінше, ол Дениспен былтырғы жылдың жазынан бері таныс. Оның компаньоны Санжар Тілегенов Дениске мұзайдында өткен шоуды жасауға көмектескен.

«Олар Абай даңғылының бойындағы мейрамханаға жиі келетін. Сол жерде біз таныстық. Мен оның соңғы рет көлік тұрағынан көрген кезде, көңіл-күйі жақсы болған еді. Әдеттегідей әзілдеп, позитивті көңілмен кетті. Мен оның Hedonist мейрамханасына тамақтануға баратынын білмедім. Егер ол жаққа баратынын айтқанда, онымен бірге баратын едім», – дейді Кәкімжанов.

Сонымен қатар оның сөзінше, Денис жүріп жүрген қызының бұрынғы жігіті өзінің желідегі парақшасына кіріп, немен бөлісетінін қарайтынын айтқан.

«Бірде Денис жүріп жүрген қызының бұрынғы жігіті өзінің Stories-ін қарайтынын айтып қалғаны есімде. Сол кезде достарымыз әзілдеп: «Байқа ол саған бірдеңе істеп кетіп жүрмесін», – деген еді», – дейді бизнесмен.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

STAN.KZ
Сейсенбі, 08 Қаңтар, 2019 14:46
Талқылау